«КӨҢІЛДІ СТАРТ – ДЕНСАУЛЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ»
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Дайындық орталығы Жалпы пәндер бөлімінің тәлімгерлері У.Смагулова мен Г.Шукенованың ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ және Тілдік даярлық деңгейін арттыру тыңдаушылары арасында «Көңілді старт – денсаулыққа бастар жол» атты спорттық сайыс өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – тыңдаушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру, спортқа деген қызығушылықты қалыптастыру, ұйымшылдыққа, достыққа және бірлікке тәрбиелеу.
Спорттық сайыс көтеріңкі көңіл күйде, ерекше тартысты әрі қызықты өтті. Қатысушылар өздерінің шапшаңдығын, ептілігін, тапқырлығын, күш-қайратын және командалық бірлігін көрсете білді.
Сайыс бағдарламасы алты кезеңнен тұрды:
І кезең – «Таныстыру». Командалар өз атауларын, ұрандарын таныстырып, сайысқа деген дайындықтарын көрсетті.
ІІ кезең – «Кедергілерден өту». Қатысушылар белгіленген кедергілерден жылдам әрі ептілікпен өтіп, өздерінің шапшаңдықтарын сынады.
ІІІ кезең – «Білімді мыңды жығар». Бұл кезеңде тыңдаушылар спортқа, салауатты өмір салтына қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын танытты.
ІV кезең – «Допты дәл көзде». Қатысушылар нысананы дәл көздеп, мергендік пен ептіліктерін көрсетті.
V кезең – «Арқан тарту». Командалар өзара күш сынасып, ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.
VI кезең – «Секіру, кедергіден өту». Соңғы кезеңде қатысушылар жылдамдық, икемділік және төзімділік танытып, сайысты жоғары деңгейде аяқтады.
Әр кезеңде командалар белсенділік танытып, жеңіске деген жігері мен табандылығын көрсетті. Сайыс барысында қатысушылар бір-біріне қолдау білдіріп, достық қарым-қатынасты нығайта түсті.
Іс-шара соңында жеңімпаз командалар мен белсенді қатысушылар, белсенді жанкүйерлер марапатталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйланды.
«Көңілді старт – денсаулыққа бастар жол» спорттық сайысы – тек жарыс қана емес, тыңдаушылардың өзара достығын нығайтып, салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттырған тағылымды шара болды.
Денсаулық – зор байлық, спорт – өмір кепілі!