❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«DIALOGUE OF CULTURES: МӘДЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ 2026» II ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМЫ БАСТАЛДЫ

  • 26.11.2026
  • KZ
  • 50

image

Түркістан қаласында еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы 2026» II халықаралық симпозиумы басталды. Іс-шараны оқу ордамызбен қатар Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Түркістан облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт, Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Экология және табиғи ресурстар министрліктері, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, БҰҰ Даму бағдарламасы(UNDP), БҰҰ Балалар қоры (UNICEF), БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қоры (UNFPA), «БҰҰ-әйелдер» құрылымы (UN Women), Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Халықаралық туризм және меймандостық университеті және «ECOJER» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.

Айта кетейік, халықаралық алаң шет мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарының, Құрылтай депутаттарының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосты.

Ұлттық тарихи мұраны, құқық философиясын, білім мен ғылымды және халықаралық құқықтық стандарттарды зерделеу арқылы құқықтық мәдениет пен заманауи конституционализмді дамыту симпозиумның басты тақырыбына айналды.

Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин симпозиум қатысушыларына құттықтау үндеуін жолдады. Ол симпозиумның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Жаңа халықтық Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының қатарына жатқызылған. Вице-Президент Конституцияның Ата Заң ғана емес, адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісім екенін де тілге тиек етті.

Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы Айбек Дәдебай симпозиум қатысушыларына жолдаған құттықтауында конституциялық құндылықтарды заңнамалық тұрғыдан бекіту, қоғам мүдделерін қамтамасыз ету және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогті дамыту бағытындағы өкілді органның міндеттерін атады.

Пленарлық отырысты ашқан Конституциялық Соттың Төрағасы, оқу ордамыздың түлегі, Түлектер қауымдастығының төрағасы Эльвира Азимова симпозиумның Конституция үстемдігі мәдениетін нығайтуға бағытталған, 2025 жылы бастау алған халықаралық кәсіби диалогтің жалғасы екенін айтты. «Конституция мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайды. Мәдениет олардың қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуына ықпал етеді. Ал азаматтық жауапкершілік оларды нақты істер мен іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырады»,- деді Эльвира Азимова.

Қатысушылар құқық пен мәдениетті жақындастыруда «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» конституциялық бағдарларының ерекше рөлін атап өтіп, оларды қоғамның күнделікті өмірінде іс жүзінде жүзеге асырудың маңызына назар аударды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан орталық ретінде Түркістанның тарихи және рухани маңызын атап өтіп, өңірдің халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтудағы мүмкіндіктеріне тоқталды.

Симпозиум қатысушыларына БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараға оқу ордамыз бен Қазақстан Республикасы Құрылтайы мен мемлекеттік органдарының, Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан конституциялық соттарының, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының, БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP), БҰҰ Балалар қорының (UNICEF), БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA), «БҰҰ-әйелдер» құрылымының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің, Фридрих Эберт атындағы қордың, дипломатиялық корпус пен ғылыми-академиялық қоғамдастықтың, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Maqsut Narikbayev University, Caspian University, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының, Любляна университетінің (Словения), Оснабрюк университетінің (Германия), Вильнюс университетінің (Литва), Анкара Хажы Байрам Вели университетінің, Хажеттепе университетінің, Эскишехир Османгази университетінің (Түркия), Ош мемлекеттік университетінің, К.Ш. Токтомаматов атындағы халықаралық университеттің (Қырғызстан), Стоуни-Брук университетінің (АҚШ), Имам Бұхари атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының (Өзбекстан) өкілдері белсенді қатысты.

Симпозиум халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және конституциялық құндылықтар құқықтық институттарда ғана емес, қоғамдық санада, мәдени дәстүрлерде және азаматтардың күнделікті өмірінде де көрініс табатын құқықтық мәдениетті дамытуға ықпал етуге бағытталған.

Айта кетейік, симпозиум аясында университетімізде конституциялық құндылықтар мен мемлекеттілікті нығайту, құқық үстемдігі мен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, бизнес саласында адам құқықтарын қорғау сынды өзге де мәселелерге қатысты сараптамалық сессиялар, қонақ дәрістері және практикалық семинарлар өтеді.