Университетімізде «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы 2026» II халықаралық симпозиумы аясында «Culture of Business & Human Rights» тақырыбында қонақ дәріс өтті.
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен (UNDP) бірлесіп ұйымдастырылған кездесуге симпозиум қатысушылары, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Дәрістің модераторы – университетіміздің Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Халил Четин болды. Кездесуде құқық саласының отандық және шетелдік сарапшылары өзекті мәселелер бойынша баяндамаларын ұсынды.
Жиында ашып беру үшін университет ректоры Жанар Темірбекова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның қабылдануы мен ұлттық құқықтық құндылықтардың маңызына тоқталды.
«Алғашқы Конституциямыз тәуелсіздігімізді нығайтуға, шекарамызды бекітуге және экономикалық дербестігімізді қалыптастыруға бағытталды. Ал қазіргі жаңа Ата Заң еліміздің одан әрі дамуына жол ашып, болашаққа бағдар береді. Тарихымызға көз жүгіртсек, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы мен Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді дала заңдары жазбаша бекітілмесе де, қоғамда берік сақталған. Сондықтан тарихи тәжірибені зерделеп, жастардың құқықтық сауатын арттыру маңызды. Өйткені заң – баршамызға ортақ, ал оны сақтау әр азаматтың жауапкершілігі», – деді.
Алғашқы баяндаманы «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Зауреш Батталова оқыды. Ол «Қазақстандағы жауапты бизнес жүргізу жағдайында азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету: қазіргі сын-қатерлер мен қажетті әрекеттер» тақырыбында бизнес саласындағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды.
Келесі кезекте Хажеттепе университетінің Түркология зерттеулері институтының профессоры Юнус Коч Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен түркітілдес халықтардың ортақ тарихын тарихи перспектива тұрғысынан қарастыру жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ, ол ұлттың тарихи сабақтастығын бүгінгі күн тәртібіндегі конституция мәселесімен байланыстырудың маңызына тоқталды.
Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Дилек Түркйылмаз «Жазылмаған құқықтың ауызша жады: түркі дүниесіндегі төре, даналық және әділет» тақырыбында баяндама оқыды.
Имам Бұхари атындағы Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, PhD докторы, доцент Отабек Мухаммадиев Шығыс пен Батыс өркениеттерінің арақатынасын біржақты бағалау мәселесін қозғады. Ол Батыс ғылым, техника, еркіндік пен ілгерілеудің орталығы ретінде дәріптелсе, Шығыс мызғымас руханияттың мекені ретінде сипатталатынын айтты.
Сондай-ақ, Ош мемлекеттік университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Назира Колсариева өз баяндамасында «Құқықтық мәдениет – адамның ішкі бостандығы мен жауапкершілігінің өлшемі ретінде» тақырыбын талқылады. Ол құқықтық мәдениетті тек заңды білу немесе жазадан қорқып ереже сақтаумен шектемей, адамның ішкі құндылықтарымен, ар-ұжданымен және өз әрекетіне саналы түрде жауап беру қабілетімен байланыстырды.
Жиын соңында қатысушылар тақырып аясында өзара пікір алмасты. Мазмұнды кездесу түркі дүниесінің тарихи-құқықтық мұрасы мен заманауи бизнес және адам құқықтары стандарттарын ұштастыруға бағытталған маңызды ғылыми алаңға айналды.
Қонақ дәріс халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға, құқықтық мәселелерді түрлі өркениеттік және мәдени көзқарастар тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік берді.