ТҰРАҚТЫ ДАМУ: ӘЛЕМДІК МАҚСАТТАР МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ
Университетімізде Түркістан қаласында өтіп жатқан «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы 2026» атты II Халықаралық симпозиум аясында «Тұрақты даму мақсаттары» тақырыбында қонақ дәріс өтті.
Жиынға оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
Қонақ дәрістің модераторы – Каспий университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының бұрынғы судьясы Роман Подопригора болды. Ал БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа «БҰҰ-ның Даму бағдарламасы» бойынша ақпарат берді.
Баяндама барысында спикер Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы қызметі мен 2021–2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасының негізгі бағыттары туралы баяндады. Атап айтқанда, кедейлікті азайту, әлеуметтік теңсіздікті төмендету, жұмыспен қамтуды қолдау, әйелдер мен жастардың мүмкіндіктерін кеңейту, экологиялық тұрақтылық пен мемлекеттік басқаруды жетілдіру бағыттарында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламаның басымдықтарын таныстырды. Бағдарлама Қазақстанның ұлттық даму стратегияларымен үйлесімді әзірленгенін және Тұрақты даму мақсаттарын ел деңгейінде жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Бағдарлама негізінде әлеуметтік-экономикалық даму, институционалдық тиімділік, экологиялық тұрақтылық пен халықаралық ынтымақтастықты нығайту көзделетінін түсіндірді.
Дәріс Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын саралауға, Қазақстанның орнықты әрі инклюзивті дамуына бағытталған басымдықтарды талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. Ал Катажина Вавьерниаға арнайы алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталды.