ӘДЕБИЕТТЕГІ ӘДІЛЕТ, ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР ПІКІР АЛМАСТЫ
Оқу ордамызда «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы 2026» атты II Халықаралық симпозиум аясында «Заң және тәртіп: абырой, мәдениет, жауапкершілік» тақырыбында қонақ дәріс өтті.
Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылар мен симпозиум қатысушылары қатысты.
Жиында ҚР Конституциялық Сотының судьясы Аслан Тукиев пен Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD Бауыржан Сайфунов модератор болды.
Дәріс барысында Эскишехир Османгази университеті әдебиет факультетінің профессоры, доктор Эйлем Дерели әдебиет пен құқықтың өзара байланысына тоқталып, жазушы, ақын және публицист Шыңғыс Дағжының романдарындағы қоғамдық жад, ар-ождан, адам құқығы мен әділеттілік мәселелерін көркем әдебиет пен құқықтық ой сабақтастығы тұрғысынан талдады.
Келесі кезекте, Мақсұт Нәрікбаев университетінің ассистент-профессоры, PhD Алмас Жұмағали «Күрделі бірегей қылмыстар: ескіру мерзімін есептеу мен құқықта қолдану мәселелері» тақырыбында баяндама оқыды. Ол құқық қолдану тәжірибесіндегі ескіру мерзімін есептеудің өзекті қырлары мен теориялық-тәжірибелік шешімдерін түсіндірді.
Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Имам Бұхари халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми хатшысы, ғылым докторы, доцент Мехрожиддин Амонов «Яссауи тариқаты: Түркістаннан Самарқанға дейін» тақырыбында ғылыми баяндама оқыды. Ғалым өңірдегі рухани-тарихи сабақтастық пен көне жазба деректер негізіндегі зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Ал, Қантөрө Шарипович Тоқтамаматов атындағы Халықаралық университеті философия кафедрасының профессоры, Жеңішбек Дүйшеев «Манас эпосының материалдары бойынша көшпелілердің әдет-ғұрып құқығы» тақырыбында баяндама оқыды. Спикер көшпелі қоғамдағы билер сотының әділдік қағидаттары, құн және айып институттары, отбасы-неке мен мұрагерлік тәртібі, сондай-ақ, әйелдің құқықтық мәртебесі жайында айтты.
Осылайша, қонақ дәріс барысында заң мен тәртіп құндылықтары, түркі халықтарының тарихи-құқықтық мұрасы мен рухани-мәдени сабақтастығы кеңінен талқыланды.