Түрік филологиясы кафедрасында өзбек ғалымдарымен ғылыми кездесу өтті
2026 жылғы 24–27 қараша күндері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түрік филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Түркі халықтарының тілі мен фольклорын зерттеу және оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында оқу семинары өтті.
Семинарға Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінен келген филология ғылымдарының докторы, профессор, Фольклортану және диалектология кафедрасының меңгерушісі Аширбоев Самихон бастаған ғалымдар тобы қатысты.
Ғылыми семинар аясында Түрік филологиясы кафедрасының студенттері мен оқытушыларының белгілі түркітанушы ғалымдармен кездесіп, ғылыми пікір алмасуына мүмкіндік туды. Кездесу барысында Аширбоев Самихон – «Адстрат жағдайындағы өзбек және қазақ диалектілерінің өзара ықпалы», Хакимова Мухайё – «Өзбек және қазақ тілдеріндегі концептуалды метафора мен метонимияның салыстырмалы-когнитивтік талдауы», Тилавов Абдумурод – «„Алпамыс“ дастанының Түркияда зерттелуі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады:
Баяндамалар барысында түркі тілдерінің өзара байланысы, диалектілердің қалыптасуы мен дамуы, тілдік құбылыстардың когнитивтік ерекшеліктері және ортақ түркі мұраларын зерттеу мәселелері кеңінен талқыланды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғалымдармен пікір алмасты.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан қаласының тумасы Аширбоев Самихонның 80 жасқа толуына орай көрсетілген құрмет болды. Осы айтулы мерейтойға орай Филология факультетінің деканы А. Өзтүрк мерейтой иесіне қазақ халқының дәстүрлі құрмет белгісі ретінде шапан жауып, ізгі тілегін білдірді.
Аталған ғылыми кездесу түркі халықтарының тілдік және рухани мұрасын зерттеу бағытындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, білім алушылардың ғылыми танымын кеңейтуге және жас зерттеушілердің түркітану ғылымына деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосты.
Семинарды ұйымдастыруға Филология факультетінің ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі декан орынбасары Е. Алашбаев жетекшілік етіп, ғылыми кездесудің модераторы қызметін атқарды. Ал, аға оқытушы Л.Алиева семинар барысында баяндамашыларды таныстырып, ғылыми талқылаулар мен пікір алмасуды үйлестірді.