«AQ JOL, YASAWI TÚLEGI - 2024» АТТЫ ҚОШТАСУ КЕШІ ӨТТІ

  • 05.07.2024
  • KZ

image

Университетімізде «Ақ жол, Ясауи түлегі - 2024» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерді салтанатты марапаттау кеші өтті.

Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев және өзге де мекеме басшылары, облыстық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, ата-аналар мен университетіміздің танымал түлектері қатысты.

Жиынды ашып беру үшін алғашқы сөзді алған университет ректоры Жанар Темірбекова барша түлекті оқуды аяқтауларымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Кеш жарық, құрметті қонақтар, сүйікті түлектер мен ата-аналар, 2024 жылғы түлектерге арналған «Ақ жол» салтанатты кешіне қош келдіңіздер дейміз!

Түлектермен қоштасу әрбір университетке түрлі эмоциялар сыйлайтын кез. Бір жағынан 4 жыл бойы білім алған түлектерімізге үлкен өмірге жолдама берсек, екінші жағынан олармен қоштасу сәті ерекше сезім сыйлайды. Қос елдің көмегімен, мемлекеттік қолдауымен түркі әлемінің қасиетті шаһары Түркістанда оқып, керемет түркі дүниесінің жастарымен тіл табысып, ең мықты ғалымдардан дәріс алып, өзінің тұлғалық қасиеттерін дамытқан түлектеріміз үшін де ерекше сезім деп ойлаймыз.

Ал, ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Себебі, сіздердің де көптен күткен сәттеріңіз, сенім артқан балаларыңыз бүгін өздерінің кезекті жетістіктерін көрсетіп, дәлелдеуде.

Біз сүйікті түлектерімізге ақ жол тілейміз! Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың сенімін ақтаңыздар! Әрдайым Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлектері екендеріңізді ұмытпаңыздар!»,-деді ректор Жанар Темірбекова. 

Келесі кезекте, құттықтау сөз кезегін алған ректор өкілі Наджи Генч те түлектерге ақ тілегін арнады. Студенттерді өздері білім алған шаңырағы – Ясауи университетінің атын асқақта беруін тіледі. Жастардың жарқын болашағы мен өз істерінің маманы болатынына сенетінін айтты.

Ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Наджи Генч биылғы жылдың «Ең үздік» атанған 30 түлекке дипломдарын табыстап, құттықтады.Жиында қатысқан өзге де құрметті қонақтар мен зиялы қауым өкілдері студенттердің қуанышына ортақтасып, дипломдарды табыстады. Олардың қатарында: Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов пен Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және т.б тұлғалар бар.

Салтанатты кеште оқу орданың имиджін арттыруға атсалысқан және оқуда жоғары көрсеткішке ие болған жалпы саны – 230 белсенді мен үздік студентке дипломдары табысталды.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында университетімізді 1226 түлек тәмамдап, кәсіби маман атанды.

Үздік студенттерге арналған кеште оқу ордамыздың түлегі атанған елімізге белгілі чемпиондар, талантымен топ жарған жарық жұлдыздар құттықтау тілектерін айтты. Олардың қатарында Мажарстаннан келген үздік студент, осы жылғы түлегіміз, қазақ дәстүрлі өнерінің жас өкілі Фехер Богларка да бар. Фехер Богларка қонақтар мен түлектер құрметіне қобыз тартып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Концерттік бағдарламамен жалғасқан көңілді кеште жастар ән шырқап, би биледі. Сонымен қатар, түлектерге тосын сый ретінде, арнайы қонақ – ҚР эстрада жұлдызы Ғазизхан Шекербек өнер көрсетті. Әсем әндерімен көпке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кеш соңында 2023-2024 оқу жылының үздік түлегі атанған білімгерлеріміз оқу ордамен қимастықпен қоштасып, ақ тілектерін арнады.