АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ТҮРКИЯҒА ЖАЗҒЫ МЕКТЕПКЕ АТТАНДЫ

  • 11.07.2024
  • KZ

image

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 40 студенті Түркия Республикасында арнайы ұйымдастырылған «Жазғы мектепке» аттанды.

Түркиядағы жазғы мектеп –  Ахмет Ясауи университетінде жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жобалардың бірі. 

Бұл жобаға оқу орнының Өкілетті Кеңес басқармасы бастамашылық етті. Сондай-ақ, Шетелдегі түріктер мен туысқан қауымдастықтар төрағалығы және Түркия Діни Қоры басқармасы қолдау көрсетіп жатыр.

Ясауи университетінің 40 студенті алдағы екі апта бойы Түркияның Анкара, Стамбул, Бурса, Чанаккале, Балыкесир, Билечик, Кония, Невшехир, Болу қалаларын аралап, семинарлар мен презентацияларға қатысып, аталған шаһарлардың тарихи, мәдени және әлеуметтік құрылымы туралы ақпарат алады. 

Түркияның Ұлттық Білім Министрлігінің Бас басқармасына, Шетелдегі түріктер мен туысқан қауымдастықтар басқармасына және өзге де  мекемелер мен университеттерге барып, олардың жұмысымен танысады. 

Жазғы мектепте студенттердің жол шығыны, қонақ үй мен қалалар арасындағы трансферлері, үш мезгіл тамақтану және т.б. шығындары толықтай ұйымдастырушылар тарапынан төленеді. Бағдарлама барысында студенттердің уақыттарын қызықты әрі тиімді өткізу жан-жақты жоспарланған. 

Айта кетейік, студенттер жазғы мектепке қатысу үшін тартысты іріктеуден өтті. Университет деңгейінде өткен ашық конкурсқа үміткерлер өз өтініштері негізінде қабылданды. Іріктеу барысында үміткерлердің GPA көрсеткіштері, түрік тілін білу деңгейі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі назарға алынды. 

Сонымен қатар, қатысушылар арасында жыл бойы оқу орнының атын асқақтатып, әлем чемпионаттарында, білім бәйгелерінде және мәдени жарыстарда жеңімпаз атанған студенттер де бар.