Бүгін университетімізге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы арнайы келді.
Дархан Қыдырәлі ең алдымен, оқу ордамызға қарасты Ботаникалық бақты аралап, өндірістік цех жұмыстарымен танысты.
Келесі кезекте, университетіміздің басшылық құрамы, оқытушы-профессорлары және ғалымдарымен еркін форматта кездесу өткізді.
Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова Дархан Қуандықұлы оқу ордамыздың жанашыры екенін, әрі бір ай бұрын университетіміздің Өкілетті Кеңес мүшесі ретінде сайланғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ректор қадірменді қонаққа оқу ордамыздың соңғы бір жылдағы айтулы жетістіктері мен маңызды іс-шаралары туралы баяндады. Әсіресе, TURKTIME идеясын жүзеге асыру мақсатында түркі әлемі ғалымдарына бағытталған жиындар жайлы кеңінен айтты.
Сөз кезегін алған Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы өзі бір кездері қызмет еткен білім ордасына ат басын бұрып, көркейе түскен жарқын бейнесіне куә болғанына қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ:
«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қос мемлекет үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де құнды екені баршаға мәлім. Оқу орданың Түркістан өңіріне де берері көп екенін атап өткен жөн.
Іс-сапармен қаншама ел мен жерді көреміз. Алдымыздан шығатын жас қызметкерлердің көбі осы оқу орданың түлектері екенін айтады. Бұл үлкен мақтаныш деп ойлаймын»,-деді. Одан бөлек, жиынға қатысушыларға елдегі маңызды мәселелер мен қолға алынған жобалар туралы, білім мен ғылымға байланысты тың ақпараттармен бөлісті.
Жиын барысында ректор өкілі Наджи Генч те Дархан Қуандықұлын университетіміздің төрінде көргеніне қуанышты екенін айтты.
Оқытушы-профессорлар мен ғалымдарымыз өздерін тоғандырған ғылым, археология, журналистика сынды т.б салалар жөнінде мәселелерді ортаға салып, талқылады. Өз ұсыныстарын айтып, ой бөлісті. Дархан Қуандықұлы әр тақырыпқа пікір білдіріп, алдағы уақытта мемлекет ұсынған қолдаулар мен өзге де көмектерді беруге дайын екенін айтты.
Кездесу соңында Дархан Қыдырәліге университет атынан сый-сияпаттар табысталып, ботаникалық бағымыздың табиғи өнімдерінен дәм ұсынды. Жиын қонағымыз бен ғалымдардың естелікке фотоға түсуімен өз мәресіне жетті.