Университетімізге «Ясауи түркология жаз оқуы – 2024» жобасы аясында Солтүстік Кипр мен Түркия Республикасынан келген студенттер қазақтың салт-тәстүрі мен мәдениеті, өнері мен оңтүстік өңірдің киелі мекендерімен танысуда.
Шетелдік студенттер уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізіп жатыр. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелеріне зиярат етіп, бабаларымыздың өмір тарихы мен оның түркі халықтары үшін маңызы жөнінде танысты. Әрі, ескі Отырар қалашығына экскурсия жасады.
Сонымен қатар, оқу ордамыздағы Түркі халықтарының зияткерлік ойындары орталығында қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, негізгі мән-мағынасы жайлы тың ақпараттар алды. Студенттер «Тоғызқұмалақ», «Бестемше», «Асық ату» сияқты өзге де ойындарды ойнап, ерекше әсер алды. Әр ойынның негізгі мақсаты мен ережесін орталық басшысы Қашымхан Дәуренқұлов баяндады. Шетелдік білімгерлер ойынмен танысып алған соң, өзара «Түркі әлемі достық турниріне» қатысты. Жеңімпаз атанған жастар тоғызқұмалақ, бестемше сынды сыйлықтарға ие болды.
Келесі кезекте, студенттер «Ақжайық» музыкалық мектебіне қонақ болып, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарымен танысты. Олар саз, домбыра, қобыз, жетіген және т.б. аспаптардың үнін тыңдап, рухани азық алды. Аспаптармен үндескен әуезді әндерге құлақ құрышын қандырып, концерттік бағдарлама тамашалады.
Қаламыздың көрікті аймақтарының бірі – Этноауылға саяхат жасады. Қолөнер шеберханасын көріп, қолөнерге байланысты арнайы іс-шараларға қатысты. Ұлтымыздың шаңырағы биік, керегесі кең киіз үйлерін көрді. Қазақи ою-өрнектердің мәні жайлы ақпарат алды.
Жаз оқуына келген студенттердің қазақ елі мен жері, тарихы және мәдениетімен таныстығы тоқтамақ емес. Алдағы күндері шетелдік білімгерлерді өзге де қызықты іс-шаралар күтеді.