ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

  • 15.08.2024
  • KZ

image
Бүгін оқу орнымыздың Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек және ректор Жанар Темірбекова Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесті.
 
Университет басшылары, ең алдымен, жыл басында министрлікке жетекшілік қызметін қолға алған Ақмарал Шәріпбайқызын жаңа лауазымымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
 
Кездесуде Қазақстан мен Түркия Республикаларының денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығы талқыланды. Министр Ақмарал Әлназарова бауырлас елдердің осы бағыттағы өзара жұмысына Ахмет Ясауи университетінің де өзіндік үлес қосып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, Түркістан облысына іссапары барысында оқу орнының Клиника-диагностикалық орталығына арнайы барғанын атап өтіп, емхана жұмысына жоғары бағасын берді.
 
Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек университеттің арнайы жобасы — “Ана жұрттан Ата жұртқа: Денсаулық көпірі” бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
 
Министр оқу орнымыздың денсаулық сақтау саласындағы бірегей жобасына ерекше қызығушылық білдірді. Ақмарал Әлназарова осы жоба аясында Түркияның тәжірибелі мамандарының табиғи апаттар кезінде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша оқыту курстарын ұйымдастыру мүмкіндіктері туралы сұрады.
 
Кездесуде тараптар денсаулық сақтау саласы бойынша өзге де маңызды мәселелерді талқылады. Алдағы уақытта ортақ жобалар туралы жақсы хабарлармен бөлесеміз.