ОҚУ ОРДАМЫЗҒА МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ КЕЛДІ

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев, Ерболат Саурықов пен Түркістан облысы мәслихат депутаты Инара Намазбаева арнайы келді. Сонымен қатар, басқосуға өңірлік халықтық штаб мүшелері мен оқытушы-профессорлар, белсенді студенттер қатысты. Іс-шара Атом электр станциясын салуды қолдаудың маңызы тақырыбы аясында өрбіді.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 6 қазанда өтетін Атом электр станциясын салу жөніндегі референдум – мемлекетіміздің болашағы үшін стратегиялық маңызға. Сондықтан, еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірігіп, ел арасында үгіт насихат жұмыстарын бастады.
Жиын модераторы болған университет ректоры Жанар Темірбекова республикалық Халықтық штаб, ең алғашқы кездесулерін, киелі Түркістан өңірінен бастауы үлкен қуаныш екенін жеткізді.
Алғаш сөз бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов:
«Атом электр станциясының біз үшін неге қажет? Ең алдымен, энергия тапшылығы мәселесіне тигізер әсері болмақ. Себебі, мемлекет алдағы 5-10 жылдыққа арнайы зерттеу жасады. Зерттеу нәтижесі бойынша алдағы уақытта энергия тапшылығы кең көлемде орын алуы мүмкін. Оны шешудің бірден-бір жолы – АЭС салу. Екіншіден, энергия көздерінің бірнеше түрі бар. Көмір арқылы жылу электр станцияларын 70%-ға жүргізсек, газды 20 % қолданамыз. Жер мен су энергиялары тағы бар. Бірақ, осылардың барлығын қосқанда АЭС-ның қуаттына жетпейді.
АЭС-тің халыққа пайдасы – өзімізге тиімді, жаңартылған күшті энергия көздерін алуға қадам басамыз. Сонымен қатар, электр қуаты бойынша Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға тәуелді болмаймыз»,-деді.
Басқосуда АЭС салудың ел экономикасы мен өндіріске және т.б салаларға тигізер пайдасы жан-жақты сараланды. Оқу ордамыздың Физика кафедрасының меңгерушісі Бекболат Сейітов пен Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар ғылыми зерттеу институтының директоры Шерзод Курбанбеков, физика ғылымдарының докторанты Алмагүл Уәлихан АЭС салу бойынша баяндамаларын оқыды.
Жиын соңында барлық қатысушыларды 6 қазан күні Референдумға қатысып, АЭС құрылысына дауыс беруге шақырды.