СТУДЕНТІМІЗ ЖӘНЕ ТҮЛЕГІМІЗ - V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

  • 09.09.2024
  • KZ

image

Бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен қазақ күресі жарысында оқу орнымыздың мерейі тасыды. Студентіміз Жұмажан Қожамбеков пен түлегіміз Айжан Жылқыбаева алтыннан алқа тақты.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан бәсекеде бүгін спортшылар төрт салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады.

Көшпенділер ойындарына қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы қатысады. Аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсы 8 салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатыр.

Байрақты бәсекеде оқу орнымыздың спортшылары да қатысып, олардың алды тұғырдың биігінен көрінді.

Ең алдымен бозкілемге, университетіміздің түлегі, бұрымды балуан Айжан Жылқыбаева шығып, 48 келі салмақта алтын медальға ие болды.

Ал оқу орнымыздың мақтанышына айналған студентіміз Жұмажан Қожамбеков бұл жолы да өзінің мықты екенін дәлелдеді. Ол 74 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Осылайша, Қазақстан қоржынына кезекті алтынды салды.

Студентіміз Жұмажан Қожамбеков бен түлегіміз Айжан Жылқыбаеваның жеңісі құтты болсын! Ел абыройын асқақтатқан спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Балуандардың бапкерлері қатарындағы университетіміздің оқытушылары, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушылары Әбсадық Халилаевты және Жақыпбек Қасымбековті құттықтаймыз!