ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР: МЕКТЕБІНІҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ

  • 23.09.2024
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (МҚІА) Түркістан облысы бойынша департементі жанынан құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебіне қабылдаудың басталғаны жөнінде арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға 4-курс студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

«Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің мақсаты – білімді жастардың дағдыларын дамыту, мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері бойынша кәсіби бағыт-бағдар бере отырып, оларды мемлекеттік қызметке тарту.

Басқосуда алғашқы сөзді бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова:

«Жыл сайынғы дәстүр бойынша түрлі мамандықта оқитын студенттеріміз «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебіне қатысуға мүмкіндік алады.

Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бұрынғы басшылары мен қазіргі төрағасы болсын, барлығы мектепке жанашырлық көрсетіп келеді. Біз де, өз кезегімізде, департмамент басшылығына университет ұжымы мен студенттері атынан алғыс білдіреміз!

«Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің берер пайдасы мол болсын деп тілейміз! Құрметті студенттер, мемлекетімізге, ұлтымызға қызмет етуді – ең жоғары мәртебе санаңыздар!»,-деді.

Келесі кезекте, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев жастарға арналған мол мүмкіндіктерді таныстырды. 

«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін, отанға қызмет етуді өзіне борыш санап, армандайтын азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Себебі, біз араларыңыздан ең мықты студенттерді таңдап алып, президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында қабілеттеріңізді арттырамыз. Мемлекеттік органдарға ашық есік күні өткізіледі. Сіздер үшін мемлекеттік орган басшыларымен семинар, лекциялар ұйымдастырылады»,-деді.

Жиын барысында білімді, білікті жастарды мемлекеттік қызметтің басқару ісіне араластыру бойынша жүргізілген жобалармен таныстырды. Сондай-ақ, өңірлік жастар кадр резерві, 2024-2025 оқу жылында «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебіне іріктеу талаптары жайлы ақпарат берді.

Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.