БІЛІМ МЕН КӘСІПКЕРЛІК СЕРІКТЕСТІГІ: МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

  • 13.02.2024
  • KZ

image

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды.

Меморандумның негізгі мақсаты – білім алушыларды білім мен тәжірибе алмасу арқылы шабыттандыру және бизнес қауымдастығын құру, дамыту.

Аталмыш келісім шартқа университетіміздің Ғылым және стратегиялық даму вице ректоры Айнаш Ошибаева мен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қол қойды.
Жиын барысында Коммерцияландыру офисінің директоры Азат Исаков «Yasawi» инкубациялық бағдарламасы туралы ақпараттармен бөлісті. Тек ол ғана емес, жалпы коммерцияландыру офисінің бүгінге дейін атқарған жобалары мен болашақ кәсіпкер студенттерге арналған мүмкіндіктері, серіктестіктер мен жаңа жобалары туралы баяндады.

Азат Исаков меморандумның мәні – білім мен кәсіпкерлік серіктестігін қалыптастыру, «Yasawi» инкубациялық бағдарламасының түлектерінің кәсіби дағдыларын дамытуға және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу екенін баса айтты. Сонымен қатар, инновацияларды генерациялай алатын, кез келген қиындықтардан жаңа мүмкіндіктерді көре алатын, өмірді жақсарту үшін бизнес қағидаттарын пайдалана алатын көшбасшы кәсіпкерлердің жаңа буынын даярлау, тәрбиелеу мақсатында ынтымақтастық орнатудың маңызын атады.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев оқу орданың бизнеске қызығатын жастарға назар аударып, қолға алған жобаларын тыңдап, ынтымақтастық нәтижесінде жастарға кәсіпкерлер палатасының ұсынатын мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады.

«Сіздер ұсынған жобаларды толықтай қолдаймыз. Меморандумнан бөлек, әр студенттің жобаларын сүйемелдеп, қолдауға тырысамыз. Мемлекеттік қосымша қолдауларға ие болу үшін, бірлесіп, өңірлік бағдарламалар жасауға болады. Жастардың стартап жобаларымен қоса, өңірімізде қай саланы дамыту қажеттігі жөнінде де сарапта жүргіземіз»,- деді Асылан Ибадуллаев.

Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатын ғылыми, инновациялық, республикалық, өңірлік деңгейдегі іс-шараларды қамтуды қолға алып, болашақ кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ортақ жобаларды іске асыратын болады.