БОКСШЫЛАРЫМЫЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Бокстан Шымкент қаласында өткен Қарақозы Абдалиевты еске алуга арналған 43-ші халықаралық турнирде бірнеше спортшымыз жеңімпаз атанды. Атап айтар болсақ, 67 кг салмақта қолғап түйістірген Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен 92 кг салмақта сынға түскен Сағындық Тоғанбай қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлдені қоржынға салды.
Ал 54 кг салмақта бақ сынаған Әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының жүлдегері Сәкен Бибосынов финалдық бәсекеде жарақатына байланысты шаршы алаңға шыға алмады, нәтижесінде күміс жүлдені қанағат тұтты.
Сондай-ақ, 67 кг салмақта жұдырықтасқан Бақтияр Анарбаев пен 92 келіден жоғары салмақта бәсекеге түскен Сапарбай Даниял тұғырдың үшінші сатысынан көрініп, қола жүлдеге ие болды.
Айта кетерлігі, Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Сағындық Тоғанбай, Сәкен Бибосынов қараша айында Иордания астанасы Аманда өтетін ересектер арасындағы Азия чепионатына жолдама алды.
Сонымен қатар, боксшы студенттеріміз Ақтау қаласында өткен Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнирде де топ жарды.
Спортшыларымыз Бекболат Абдикерим 80 келі салмақта, Нұрғиса Тұрабекова 48 келі салмақта алтын жүлдені кеудесіне тақты. Ал 60 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Арсылан Жолдасбаев қола жүлдеге ие болды.