XXXIII ДӘСТҮРЛІ ФАКУЛЬТЕТАРАЛЫҚ СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ

  • 08.10.2024
  • KZ

image

Бүгін университетіміздің студенттері арасындағы факультетаралық XXXIII дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанаты өтті.

Факультетаралық спартакиаданың мақсаты – студент жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау, спорт түрлерінен университет құрама командасын жасақтау.

Ашылу салтанатында сөз бастаған әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов қатысушыларға сәттілік тіледі. 

«Құрметті студенттер, спорт – біз үшін қашанда маңызды. Сіздердің білім алуларыңызбен қатар, салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысуларыңызға жағдай жасау біздің жұмысымыз. 

Спартакиадаға қатысушы барлық студентке сәттілік тілеймін! Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар жеңімпаз атанып, спортшы жастарымыздың саны арта берсін!»,-деді Еділ Төлегенов.

Спартакиаданың алғашқы күні кіші футбол ойынынан бастау алды.

Айта кетейік, 9 команда баскетбол, волейбол, қол күресі, кіші футбол, үстел теннисі, арқан тарту, жүгіру, эстафеталық ойын спорт түрлерінен өзара сайысқа түседі.

Ал, жеңімпаз атанған спортшылар Астана қаласында өтетін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Студенттік спорт лигасының футзал мен волейболдан ерлер мен әйелдер арасындағы республикалық (финал) кезеңіне жолдама алады.