ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ СТУДЕНТТЕРІМІЗБЕН КЕЗДЕСТІ

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, ҚР МҚІА Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері де қатысты.
Кездесуде университет ректоры Жанар Темірбекова оқу орнымыз – мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар үшін кадр даярлайтын бірегей білім мекемесі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ҚР МҚІА Түркістан облысы бойынша департаментімен бірге жыл сайын «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебін ұйымдастыруға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Агенттік төрағасына ұжым атынан алғыс айтты.
Бұдан әрі сөз кезегін алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай өз баяндамасында білім ордамыз кәсіби мамандар даярлайтын іргелі оқу орны екенін айтты.
«Қазіргі таңда, университеттің түлектері еліміздің өңірлерінде әр салада мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.Түркістан облысындағы 6000-нан аса мемлекеттік қызметшілердің 1000-ға жуығы – осы университеттің түлектері. Келешек білімді, жаһандық деңгейде ойлана алатын жастардың қолында. Сондықтан, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – білім беру жүйесінің басты міндеті», - деді төраға.
Дархан Жазықбай баяндамасасында мемлекеттік қызметке елге адал қызмет ететін, креативті жастар қажет екенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, осы мақсатты орындау бойынша агенттіктің бастамалары мен жаңашылдықтарға тоқталып өтті. Сөз соңында ұлттың ұлы тұлғалары Абай мен Шәкәрімнің адалдық пен ар-намыс, елге қызмет ету туралы ұлағатты сөздерін тілге тиек етті. Студентерге тынымсыз еңбекті талап ететін білім алу жолында сәттілік, оқу орны ұжымына жоғары жетістіктер тіледі.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жастарды ұлтты сүюге, халыққа адал қызмет етуге шақырып, жігерлендірді.
«Қазақстанның азаматы» деген ұғымды елдің ішінде де, сыртында да ардақтап алып жүруіміз керек. Қай заманда да елдіктің, мемлекеттіктің, болашақтың кепілі – жастар болған. Сондықтан, қандай жағдайда да қазақ елінің өкілі екендеріңізді ұмытпаңыздар. Жас кезде Қазақстанның кез келген өңіріне барып, қызмет етуге талпыну қажет. Қазақстанның қай аймағы болмасын, табаныңыз тиген бір уыс топырақ – «Менің елімнің» топырағы деп қарау керек. Өз елімізге адал қызмет етуіміз керек», - деді Нұртөре Жүсіп.
Жиында оқу орнымыздың студенттері мен докторанттары да белсенділік танытып, Агенттік төрағасына өзекті сауалдарын қойып, сұрақ-жауап алмасты.
Кездесу соңында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай ҚР МҚІА Түркістан облысы бойынша департаментінің қоғамдық бастамалары мен іс-шараларына белсене атсалысып жүрген университет оқытушылары мен студенттерін марапаттады.