УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕГІ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

  • 16.10.2024
  • KZ

image

Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті, Журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен, «Азаттық» радиосының тілшісі, университет түлегі Нұргүл Тапаевамен кездесу өтті. 

«Біздің түлек» айдарымен ұйымдастырылған жиынға Журналистика кафедрасының оқытушылары мен білімгерлер қатысты. Тағылымы мол жиын тізгінін белгілі ғалым-журналист Молдияр Ергебеков алып, модераторлық етті.

Университет қабырғасында оқып жүріп-ақ, өзінің алғырлығымен көзге түскен Нұргүл ханым білімгерлердің барлық сұрағына шынайы әрі тұшымды жауап беруімен ерекшеленді. 8 жылдан бері «Азаттық» радиосында еңбек етіп келе жатқан журналист, осы уақыт аралығында басынан өткен қызықты әрі күрделі сәттерін баяндады.

Кездесуге келген студенттер «Азаттық» журналисіне жан-жақты сұрақ қойды. Олардың арасында түрлі медиада қызмет етіп жүргендері де болды. Олар жұмыс барысында түрлі кедергі мен түсірілген ақпараттың эфирге жіберілмей қалатын тұстары қынжылтатынын айтып, осындай сәтте тілшінің сағы сынбауы үшін қандай кеңес беретіні туралы сұрады. Өз кезегінде, қадірлі қонақтың жауабы да жүйелі шықты. Саяси тақырыпты қаузайтын Нұргүл ханымның сөзінше, кез келген өзін-өзі сыйлайтын редакция журналистерге шығармашылық еркіндік беруі тиіс және өз журналисін үнемі қорғауға міндетті. Сондай-ақ, «қазіргі қоғам қандай журналистерге мұқтаж», - деген сауалға кездесу қонағы зерттеу журналистикасының кемшін түсіп жатқанын баса айтты. Оның ойынша, елімізде белгілі бір саланы терең меңгерген, сарапшы журналистерге сұраныс басым.

Жиын барысында журналистік этика, жақында қабылданған «Масс-медиа туралы» Заң, азаматтық журналистика, гендерлік саясат, кибер қауіпсіздік, журналистің өзін-өзі қорғау бойынша мәселелер айтылды.

Кездесу соңында «Біздің түлек» айдарының қонағы Нұргүл Тапаеваға дәріс берген профессор оқытушы-ұстаздары Сейдулла Садықов пен Бекжігіт Сердәлі өздері жазған кітаптарын сыйлап, гүл шоғын табыс етті.