«ИНДУСТРИЯ 4.0: КРЕАТИВТІ СТУДЕНТ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРС ӨТТІ

Конкурс – Жаратылыстану ғылымдары факультеті, Физика кафедрасының «AP19579398 Индустрия 4.0 жағдайында студенттердің креативтілігін STEM білім беру негізінде дамыту» атты гранттық жобасы аясында Республикалық жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырылды.
Басты мақсат – білім беру бағдарламалары бойынша студенттердің нарықтық экономика мен өнеркәсіптік білімдерін қалыптастыру, креативті өнім жасауға деген ынталарын, сондай-ақ, студенттердің интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін айқындап, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру.
Оқу ордамызға келген қонақтар мен конкурс қатысушылары, Физика кафедрасы әзірлеген озық ғылыми жобалар мен техникалық туындыларының көрмесін тамашалады.
Ашылу салтанаты ректор өкілі м.а Наджи Генчтің құттықтау сөзімен бастау алды.
«Құрметті қонақтар, оқытушылар мен студенттер оқу ордамызға қош келдіңіздер!
«Физика» дегенде, оның технология мен әлем дамуында үлкен рөл атқаратынын еске түсіреміз.Инженерия, энергетика, IT сынды бағыттардың негізгі бастауы – физика саласы. Осы себепті,Индустрия 4.0 пен болашақтағы Индустрия 5.0-тің алғашқы саласының бірі физика болатынын толық сеніммен айта аламыз.
Бүгінгі конкурсқа қатысушы барлық білімгерлерге сәттілік тілейміз! Сіздер ұсынған ғылыми жұмыстар – келешекте баршаға пайдасын тигізер, үздік жоба атанарына сенеміз!»,-деді Наджи Генч.
Ал, «Индустрия 4.0: Креативті студент» Республикалық конкурсының маңыздылығыжөнінде техника ғылымдарының докторы, Сакария мемлекеттік университетінің профессоры Али Чорух :
«Бүгінгі республикалық конкурсқа шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін! Бұл жоба бастау алғалы әр кезеңінің куәгері болдым. Өте ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Сол жұмыстардың жемісін бүгін көреміз деп сенемін! Барлық студенке сәттілік тілеймін!»,-деді.
Айта кетейік, конкурстың І кезеңіне Республиканың 10 жоғары оқу орынынан 100-ден аса ғылыми жоба бойынша өтінім келіп түсті. Сараптамалық бағалау нәтижесінде студенттер дайындаған 42 ғылыми жоба ІІ кезеңге жолдама алды.
Іс-шара барысында ІІ кезеңнің қатысушылары: «Интеллектуалды шахмат тақтасы», «Smart көпір жобасын жасау әдістемесі», «Тірек -қимылы бұзылған балларға арналған көп функционалды техникалық құрылғылар», «Физиканы оқытудағы STEM тәсілінің дидактикалық құралдар жүйесі», «Кәсіптік білім берудегі vr-технологияларды қолдану» сынды өзге де маңызды тақырыптар бойынша ғылыми жобаларын қорғады.
Қазылар алқасы озық ғылыми жобалар мен техникалық туындылардың ішінде үздіктерін анықтады. Республикалық конкурс нәтижесі бойынша Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің және Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері жүлделі орындарға ие болды.
Креативті студенттер қаржылай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, мектеп секциясы бойынша орын алған білімді жастар да сертификаттармен марапатталды.