Бүгін университетімізде археолог, тарих ғылымдарының докторы, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевтың 100 жылдығына орай семинар өтті.
Айтулы жиын – Археология ғылыми-зерттеу институты мен Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Руханият - Әбу Нәсір әл - Фараби» музейі МКҚК қолдауымен ұйымдастырылды.
Кемел Ақышев – темір дәуірінен қалған сақ жауынгері «Алтын адамды» тауып, Қазақстан тарихын теңдесіз жәдігермен байытқан ғалым. Ол көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Сондай-ақ, Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Ғалым бізге белгілі 220-ға жуық ғылыми еңбек, оның ішінде 14 монографияның авторы.
Қазақстан археологиясының негізін қалап, мықты мектеп қалыптастырып кеткен археолог «Құрмет», «Жеңіс», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Айта кетейік, Кемел Ақышевтың есімі – ҚР «Алтын құрмет» кітабына енген.
Семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов танымал археолог Кемел Ақышевтың ұлтқа сіңірген еңбегі мен өнегесін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жиын оқу орнымыздың Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаевтың, «Руханият - Әбу Нәсір әл - Фараби» музейі МКҚК бөлім меңгерушісі Жанболат Оралбайұлының, тарих ғылымының докторы, доцент Мұқтар Қожаның, сондай-ақ өзге де ғалымдардың маңызды баяндамалары және ойларымен жалғасты.
Жиында ғалымның еңбектері мен зерттеулері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар Кемел Ақышев еңбектері мен жәдігерлер көрмесін тамашалады. Көрмеде «Руханият - Әбу Нәсір әл - Фараби» музейінің археология, этнография, фотоқұжаттар қоры материалдары мен ғалымның ғылыми еңбектерінен монографиялары, мақалалары, кітаптардан алынған иллюстрациялары қойылды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алып, пікір алмасты.