ОҚУ ОРДАМЫЗДА «МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ФОРСАЙТ СЕССИЯЛАР ӨТТІ

  • 23.10.2024
  • KZ

image

Университетімізде екі күн бойы Түркістан облысы бойынша «Мамандығым – болашағым» жобасының екінші кезеңі аясындағы форсайт сессиялар өтті. 

Жобаның басты мақсаты – аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін дер кезінде болжау, нәтижелерді талдау және сол арқылы талапкерлерге ерте кәсіптік бағдар беру. 

Бұл кезең – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетімен бірлесе жүргізіліп жатқан «Skills Technology Foresight әдісі негізінде Қазақстан өңірлерінің жаңа мамандықтары мен құзыреттерінің атластарын әзірлеу» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға өңірдің негізгі жұмыс берушілері, кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері, университеттің мен колледждердің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. 

Жобаның екінші кезеңінде форсайттық зерттеу әдістемесі мен оның қолданылуын үйрететін өңірлік форсайт сессиялар ұйымдастырылды. Онда Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызы бар салалар ретінде анықталған: құрылыс, ауыл шаруашылығы және туризм салалары бойынша өзекті тақырыптар талқыланды.

Жиынның ашылу салтанатында сөз бастаған әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: 

«Құрметті әріптестер мен қонақтар, киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! 

Бүгін, міне, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, «Мамандығым-болашағым» жобасы аясында басталған маңызды іс-шараның куәсі болып отырмыз. 

Бұл жоба өңірімізге қажетті мамандардың қалыптасуында үлкен рөл атқарады деп ойлаймын. Өңірге ауыл шаруашылығы мен құрылыс ісі сынды сала мамандарының жетіспеушілігі байқалады. 

Іс-шараға қатысушыларға сәттілік тілейміз! Болашақ мамандық иелеріне бағыт көрсетуде берері мол жоба болсын!»,-деді.

Келесі кезекте, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Форсайт мектептерінің оқытушысы, жоба бойынша кеңесші Евгений Виноградов маңызды ақпараттармен бөлісті. 

«Бүгінгі жиынға алтын уақытын бөліп келген барша қатысушыға алғыс білдіремін. Бұл уақыттарыңыз – болашаққа құйған инвестицияларыңыз. 

Біз Түркістан облысындағы үш саланың (ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс) болашағы мен оның 2040 жылға дейін қандай болатынын, салалардағы еңбек нарығының қалай өзгеретінін және қандай мамандықтардың пайда болатынын немесе жойылатынын жобалап, келісу үшін жиналдық. Яғни, осы салалар аясында біріге отырып, жобаларды ұйымдастырып, жүзеге асыруға ат салысамыз!»,-деді. 

Евгений Виноградов, форсайт қатысу – бұл саланың дамуына тек жұмыс орнында ғанаемес, сонымен қатар жүйелі түрде,аймақ шеңберіндеәсер ету мүмкіндігі екенін атады. Сонымен қатар, озық кадрлық дамудың өңірлік карталары (жаңа мамандықтар атласы) туралы баяндады. Форсайттың негізгі принциптерін атап, қатысушыларға топтық жұмыс ережелерін таныстырды.

Қатысушылар форсайт сессиялардың нәтижесінде: жоғары оқу орындары мен колледждердегі жаңа білім беру бағдарламалары, салаға қажетті мамандарды озық даярлау, жұмысшы кадрлардың тапшылығын қысқарту сынды өзге де маңызды мәселелері шешімін табады деп сенім білдірді. Осы себепті қатысушылар, салалар бойынша негізгі мәселелерді талқылап, қажетті дағдылар мен жаңа мамандықтарды анықтауға тырысты.

Сонымен қатар, «Болжамды шектеулер. Болашақ бейнесі. Салалық өзгерістер», «Болашақтың келуі нәтижесінде болатын еңбек нарығындағы өзгерістер», «Еңбек нарығына әсер ететін факторлар. Жаңа еңбек жағдайлары» сынды өзге де маңызды тақырыптар бойынша дәріс өтті.

Екі күнге созылған форсайт сессиялар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, «Мамандығым – болашағым» жобасы – ҚР Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын (жаңа мамандықтар мен құзыреттердің өңірлік Атластары) қалыптастыру мақсатында жүзеге асуда.