«ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ ҚҰБЫЛЫСЫ: МӘДЕНИ-ТАЛДАУ АСПЕКТІСІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

  • 23.10.2024
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызда мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына орай – «Қазақстан және Нұртас Оңдасынов құбылысы: мәдени-талдау аспектісі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, университетіміз Түркістан облысы әкімдігі мен «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырды.

Басты мақсат – Нұртас Оңдасыновтың қазақ ғылымы мен білімі, мәдениетінің қалыптасуы мен дамуындағы орасан зор еңбектерін жас ұрпаққа таныту, ұрпақ санасында жаңғыртып, дәріптеу. «Нұртас Оңдасыновтану» мәселелерін, тұлғалық ерекшеліктерін, азаматтық ұстанымдарын айқындау. Сондай-ақ, ЖОО, мектеп білім беру мен тәрбие үдерісінде тарихи тұлғаларымыздың есімі арқылы елжандылыққа баулудың мүмкіндіктері бойынша диалог құру.

Басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков , Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, Жазушылар одағының мүшесі, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалиева, Түркістан облысы Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушы, ғалымдар, тарихшылар, ардагерлер, мәслихат депутаттары, белсенді жастар жиналды.

Ашылу салтанатында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова Қазақстан Республикасының президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті қауым! Сіздерді аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған Республикалық конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Нұртас Оңдасынов – мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тарихи тұлға. Ол аса күрделі кезеңде ел басқарып, көптеген игі бастамаға ұйытқы болды. Халқының мүддесін бәрінен биік қойып, экономика, ғылым, білім, мәдениет саласында ауқымды өзгерістер жасады. Қиын-қыстау кезеңнен кейін елімізді дамытуға, еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Нұртас Дәндібайұлы мемлекет басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Ол қазақ қоғамын өркендетіп, ұлтжанды азаматтардың тұтас буынын тәрбиелеуге ден қойды»,- делінген президент құттықтауында.

Ал, ректор Жанар Темірбекова Нұртас Дәндібайұлының ел басқарудағы өр мінезі, білім-ғылым саласын дамытудағы орасан еңбегі жөнінде кеңінен баяндады.

«Қайырлы күн, құрметті зиялы қауым өкілдері, әріптестер мен сүйікті студенттер! Бүгін түркі әлемінің рухани астанасы қасиетті Түркістан шаһарында кезекті маңызды басқосуға жиналдық.

Бүгінгі жиын – еліміздің бір туар азаматы Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Біз бүгінгі конференция арқылы, Түркістан қаласының тумасы, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың рухани мұрасын бойына сіңірген, қазақ үшін қандай қасиетті ұғым болса соның барлығын көрсете білген қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов тұлғалық болмысымен өскелең ұрпаққа үлгі өнеге болады деп сенеміз!»,-деді Жанар Темірбекова.

Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын жеткізді. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Қазыбек Иса ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын оқып берді. Сонымен қатар, өзге де қонақтар Нұртас Оңдасыновтың өнегелі өмірі мен саяси алаңдағы атқарған маңызды істері жөнінде ойларымен бөлісті.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қайраткердің экономиканы, ғылымды дамыту үшін атқарған өлшеусіз қызметіне тоқталып, ұлтқа еңбегі сіңген ұлы тұлғалардың мұрасын насихаттау игі іс екенін жеткізді.

«Алдымен баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері, ел басына күн туған шақта, аса қиын кезде ел басқарған, қайраткерлік танытқан Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы айтулы сәтте Нұртас Дәндібайұлының туған жері, Түркі әлемінің төрі – Түркістанда сіздермен жүздесіп тұрғаныма қуаныштымын. Түркістанның ойшылы, Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет!» деген қанатты сөзі бар. Нұртас Дәндібайұлы осы құрметке барынша сай тұлға. Киелі Түркістан өңірінде ел азаматының есімі ұлықталып келеді. Тұлғаның атында музей бар, білім ұясына, көшеге есімі берілген. Қайраткердің еңбегі мәңгі ел есінде қалады. Бүгінгі конференцияда ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдері тұлғаның саяси, рухани, тарихи болмысын ашып, тың деректер айтылады деп сенемін!» – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы. 

Осылайша, конференция алдымен жалпы пленарлық отырыстан басталып, бұдан әрі 16 қоғам қайраткері, жазушылар мен ғалымдар 4 секция бойынша 90-ға жуық ғалым баяндама жасады. «Нұртас Оңдасынов өмірі мен шығармашылығы», «Нұртас Оңдасынов – біртума қоғам қайраткері», «Нұртас Оңдасыновтың тіл білімі ғылымына қосқан үлесі», «Нұртас Оңдасынов және білім беру ісі» секцияларында ғалымдар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы уақытта университеттер мен зерттеу институттары, мектеп арасындағы интеграцияның бағыттарын талқылады.

Конференциядағы талқылаулар нәтижесінде: Н.Оңдасыновтың «Арабша-қазақша» түсіндірме сөздігін лексикографиялық тұрғыдан тереңірек танытып, лексикографиялық ғылымда жұмсалымдық, әдіснамалық қолданысын кеңейту; Н.Оңдасыновтың өмірі, қызметі, қайраткерлігі, ғалымдығы тұрғысынан жаңаша танып, насихаттау ісін заман талабына сай жаңғырту; Ғалым жасаған ғылыми нәтижелері танымдық, әдістемелік, практикалық тұрғыдан жасампаз, ғылыми мұраларының мән-мазмұнын мемлекеттік деңгейде танытуға ықпал ету және өзге де маңызды мәселелер қарастырылды.