УНИВЕРСИТЕТ ПРОФЕССОРЫ «ПАРАСАТ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

  • 23.10.2024
  • KZ

image

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнымыздағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраевты «Парасат» орденімен марапатты.

Бүгін Ақордада «25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты шарада қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті.

Жиын соңында Президент елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады. Марапат иелерінің қатарында университетіміздің профессоры Шәкір Ибраев та болды.

Шәкір Ибраев – ғылым саласындағы жолы даңғыл, түркітанудағы еңбегі ерен тұлға. Түрлі басшылық қызметтерде абыройлы еңбек етіп, классикалық академиялық мектептен өткен ғалым, халқының ізгі қасиеттерін бойына сіңірген ұлт зиялысы. Ардақты ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, бүгінге дейін ҚР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы (1991ж.), «Түрік дүниесі қызмет сыйлығының иегері» (Түркия, 2006 ж.), «Іскерлік, ғылым және өнер» еуропалық ассамблеясының «Объединенная Европа» халықаралық сыйлығының иегері» (Оксфорд, 2008 ж.) сыйлықтары беріліп, Англияда «Европалық сапа мен ғылымға қосқан үлесі үшін (2007 ж.) алтын медалімен, «Құрмет» орденімен (2009 ж.) марапатталған.

Ғалымның «Эпос әлемі» (1993), «Поэтика огузского героического эпоса» (1997), «Бастау» (2009), «Жаназық» (2010), «От фольклористики до тюркологии» (2010), «Қазақтың ғұрыптық фольклоры» (2021ж.), «Абай феномені» (2020), «Абайдың ақындық бейнесі» (2023) және т.б. еңбектері – ұлтымыздың ғылымы үшін үлкен мұра.

Бұдан бөлек, 200-ге жуық ғылыми зерттеу мақалалары ұжымдық жинақтарда, баспасөз беттерінде жарияланған.

Профессордың көптеген еңбектері түрік дүниесіне, әлем түркологтарына кеңінен танымал. Оның 20-дан астам ғылыми-зерттеу мақалалары мен «Эпос поэтикасы» атты еңбегі Түркияда жарық көрген.

Құрметті Шәкір Ибраевты мемлекеттік марапатты иеленуімен шын жүректен құттықтап, ғылыми табыстары еселене беруін тілейміз!