УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

  • 29.10.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Түркия Республикасының құрылғанына 101 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті.

Осыдан 101 жыл бұрын, 29 қазан – Мұстафа Кемаль Ататүрік Түркияны «Республика» деп жариялаған болатын. Бұл – бауырлас түрік халқының тарихында алтын әріппен қалған айтулы күн.

Жиын Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің және оның майдандастарының, сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздігі үшін жан кешкен шейіттердің рухына тағзым етіп, үнсіздік сақтау рәсімімен басталды. Сондай-ақ, бауырластық пен достықтың үлгісіне айналған қос мемлекеттің әнұраны шырқалды.

Алғашқы сөз тізгінін алған Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның құттықтау хатын оқып берді.

«Елімізде және дүние жүзінде тұратын әрбір азаматымызды 29 қазан – Республика күнімен құттықтаймын!

Әлемнің түкпір-түкпірінде айтулы мерейтоймен құттықтап, қуанышымызды бөліскен барша достарымызға елімнің атынан алғыс айтамын!»,- деп жазған Президент құттықтауында.

Келесі кезекте, ректор Жанар Темірбекова:

«Күллі түркі әлемін қуантқан – Түркия Республикасының күні құтты болсын! Түркияның тарихы тереңде жатыр. Түркия – Қазақстанмен, әсіресе Түркістан топырағымен тығыз байланыстағы ел. Екі елдің республика атану жолындағы ерен еңбегі мен жанын құрбан еткен шейіттері қаншама. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз!

Түркия Республикасының айтулы мерекесі, тәуелсіздігі мәңгі болсын деп тілейміз!»,-деді.

Ректор өкілі м.а Наджи Генч те ақ тілегін арнады: «Республикамыздың 101 жылдығы құтты болсын! Бізде қаншама мереке бар, дегенмен Республика күні мерекесінің орны бөлек. Бұл – тәуелсіздіктің бейнесі болған күн.

Түркия Республикасының күні дегенде ойға алғаш келетіні – Мұстафа Кемаль Ататүрік пен оның қарулас достары. Олардың рухына тағзым етеміз! Бүгінде айтулы мерекені атап өткеніміз сол жандардың арқасында екенін ұмытпауымыз керек»,-деді Наджи Генч.

Мерекелік кешті аға оқытушы Эрен Акдениз маңызды баяндамасымен жалғастырды. Онда Түркия елінің қилы тағдыры мен тәуелсіздік жолындағы саяси-тарихи мәнге ие істер жөнінде кең көлемді ақпарат берді. Сонымен қатар, көрермендер Республика күнінің маңызын айқындап, тарих беттерінен сыр шерткен бейнебаянды тамашалады.

Концерттік бағдарламаға ұласқан жиында «Бисұлтан» би ансамблі «Достық» биін биледі. «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі сазды әуенмен құлақ құрышын қандырды. Студенттер сахна төрінде патриоттық әндер шырқап, рухты өлең жолдарын оқыды.

Жиын соңында түркі дүниесінен жиылған студенттер Түркияны Республика күнімен құттықтап, үлкен қошеметпен достықтың озық үлгісін көрсетті.