УНИВЕРСИТЕТІМІЗ ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫМЕН БІРЛЕСЕ КАДР ДАЯРЛАЙДЫ

  • 09.02.2024
  • KZ

image

Оқу ордамыздың білімгерлеріне жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Университетіміз Ядролық физика институтының базасында Атом электр станциясына кадрлар даярлау процессіне белсенді қатысады. Осы мақсатта, Ахмет Ясауи университеті мен Ядролық физика институты АЭС үшін кадрларды бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қойды.

Үш сатылы білім беру бағдарламасын дайындау – «Ядролық физика және технологиялар», «Ядролық энергетика», «Ядролық реакторлар мен материалдар» және «Ядролық инженерия» сияқты атом электр станциялары үшін қажетті мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

Маңызды келісімге Ғылым және жоғары білім вице–министрі Дархан Ахмед-Заки, институттың бас директоры Саябек Сахиев және университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова қол қойып, бекітті.
Айта кетейік, Ядролық физика институтымен ортақ келісімге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеттері де қол қойды.

Сонымен қатар, жиында оқу орнымыз бен Ядролық физика институты арасындағы перспективалық ғылыми жобаларды өткізу үшін көпжақты талқылаулар өтті. Бұл талқылауларға Ахмет Ясауи университетінің шақыруымен арнайы Түркия елінен келген делегация, атап айтар болсақ, «Түрік ядролық энергиясы» АҚ басшысы Неджати Ямач, Энергетика министрлігінің Атом энергиясы және инфрақұрылым департаментінің директоры Салих Сары, танымал профессор Білге Деміркөз (MIT, Кэмбридж, Оксфорд университеттерінде білім алып, ең маңызды ұйымдарда жұмыс істеп жүрген, 300 астам мақаласы, 98 мыңнан астам сілтемесі жарияланған, Хирш индексі 115-ке бағаланған ғалым) қатысты.

Ғалымдар институтпен бірлесе отырып, Ахмет Ясауи университетінің базасында екі ел үшін қандай маңызды жобаларды атқара алатынын талқылады. Саланы жан-жақты дамытуға бағытталған жұмыстарды саралады.
Кездесу барысында университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Пейами Баттал және Түркиядан келген делегация өкілдері институтқа экскурсия жасап, жетістіктерімен танысты. Түркиялық мамандар институттың жұмысына жоғары баға берді.