КӘРІМБЕК СЕЙТМЕТОВТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Екі күннен бері университетімізде студенттер мен оқытушы-профессорлар қаншама өнерпазға дәріс беріп, өнердің қыр-сырын ұғындырған ардақты ұстаз Кәрімбек Марайымұлының есімін ұлықтауда. «Орындаушылық өнер» кафедрасы, «Актерлік өнер» мамандығының оқытушы-профессорларының ұйымдастыруымен – «Ұстазға тағзым» атты факультетаралық жас ақындар мен өнерпаздардың байқауы өтті. Байқау бойынша ақындар мүшайрасы мен «Актерлік шеберліктен» топтық жарыс ұйымдастырылды. Ал, бүгінгі кеш сол өнерпаздардың қорытынды гала концертіне ұласты.
Сахна шымылдырығы Кәрімбек Сейтметовтың өнегелі өмірі мен еңбек жолын бейнелеген деректі фильм көрсетілімімен түрілді.
Жиында сөз бастаған ректор өкілі м.а Нажи Генч:
«Бүгінде Кәрімбек Сейтметов тәрбиелеген сахна саңлақтары, шәкірттері қоғам мен ұлтына, мәдениет саласының дамуы үшін әр өңірде қызмет етіп жүр. Кәрімбек ағайдай өз саласының майталманы атанған жанның университетімізде қызмет еткені үлкен бақыт! Ол кісінің шәкірттерінің өзі қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп келеді. Кәрімбек Сейтметовтың есімі жылына бір рет қана аталмақ емес. Оның ардақты аты мәңгі есімізде!»,-деді.
Келесі кезекте, 5-қараша күні Спорт және өнер факультетінде өткен жас ақындар мүшайрасы мен «Актерлік шеберлік» байқауларында жеңімпаз атанған студенттер марапатталды. Студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттыру мен патриоттық сезімдерін ояту, ұстазға деген құрметін күшейтуді мақсат еткен сайыста өнерлі білімгерлер бақ сынаған болатын. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Мүшайраның іріктеу кезеңінен өткендер ақтық сында өнер көрсетті.
Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды Нұрай Серікбай жеңіп алса, 2-орынды Руслан Дінислам иемденді. Ал, 3-орын Елеусіз Рахатқа бұйырды.
Ал, «Актерлік шеберлік» байқауының топтық сынында қатысушылар 1-кезеңде драматургиялық шығармадан үзінді, 2-кезеңде композициялық қойылым қойды. Қорытынды бойынша 1-орынды «Ричард III» трагедиясы , 2-орын «Оң қол» драмасы, 3-орынды «Құлагер» композициясын қойған студенттер қанжығаларына байлады. Айта кетейік, әр топтың құрамында 1-4 курс студенттері араласып, бірге өнер көрсетті. Өзге де талантты студенттер: «Үздік ер адам» мен «Үздік әйел адам» бейнесі, «Көрермен көзайымы», «Үміт» сынды т.б номинациялармен марапатталды. Жеңімпаз өнерпаздар арнайы қаржылай сыйлыққа ие болды.
Концерттік бағдарламада Кәрімбек Сейтметовтың төл шәкірті Рүстем Әуелбеков жетекшілік ететін Шымкент қаласындағы «17» жастар театры өнер көрсетті. Сондай-ақ, мүшайраға қатысқан студенттер арнау өлең жолдарын оқыды. Сахна төрінде ұстаздың әр жылдары оқуды аяқтаған шәкірттері ән шырқады.
Осылайша жиылған жұртшылық талайдың қанатын қатайтып, өнерге жолдаған, театр өнеріне саналы ғұмырын арнаған Кәрімбек Сейтметов рухына тағзым етті.