АХЫСҚА ТҮРІКТЕРІНІҢ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Жиынға Ахысқа түріктерінің ұрпақтары мен облысымыздың зиялы қауым өкілдері, оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты.
Ахысқа түріктері – 1944 жылы 14-қараша күні өзiнiң ғасырлар бойы мекен еткен тарихи отанынан жер аударылып, күштеп Қазақстан мен Орталық Азияға көшірілген халықтардың бірі. Жер аударылған түріктер саны – 110 мың еді. Дегенмен, ұзақ жолда суық пен аштықтан 20 мыңнан астам адам көз жұмған.
Қазақ халқы қақаған суықта туған топырағынан ажырап, жүрегі қан жылаған, тамырлас түрік халқын бауырына басты. Аядай үйлерінен орын беріп, бір нанды бөліп, көңілі дариядай ұлтымыздың ақ ниетін көрсетті. Оған өткен күндер куә.
Айтулы іс-шара 1 минуттық үнсіздік рәсімінен басталды, жиналған қауым қуғын-сүргінде қаза болған Ахысқа түріктерін, ұлт көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік және шейіт болған әскерлер рухына тағзым етіп, еске алды.
Кеште сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова:
«Түркі әлемі бір кездері ауыр да азапты күндерді бастан өткерді. Соның бірі – Ахысқа түріктерінің қуғын-сүргінге ұшыраған күні. Осындай қасіретті, қиындыққа толы кездерді ұмытпай, қоғам жадында сақтауы тиіс. Ол жолда бүгінгідей іс-шаралар аса маңызды. Бүгінгі жиынды ұйымдастырған студенттер мен ұстаздар қауымына алғыс білдіреміз! Біздің күшіміз – бірлікте, біздің күшіміз – тарих пен жастардың қолында!»,-деді.
Сөз кезегін алған ректор өкілі м.а Нажи Генч:
«Оқу ордамыз үшін Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты өзге де түркі мемлекеттерінің тарихи күндері аса маңызды. Тәуелсіздік күндері секілді, бүгінгідей жанымызға бататын, еске алу кештері де үлкен мәнге ие.
Бүгін Ахысқа түріктерінің тарихындағы қаралы кезеңде қаза болған ата-бабамыздың рухына тағзым етеміз! Түркі мемелекеттерінің ынтымақтастығы арта түсуін тілейміз!»,-деді.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов:
«Түркістан облысында 11 этно-мәдени бірлестік болса, соның қатарында Ахысқа түріктерінің бірлестігі де жұмыс істейді. Екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында бір кездері Ясауи университеті ашылса, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, бірлікті негіздейтін «Достық» үйін ашып берді. Бұл – түркі халықтарының бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруінің символы деп білеміз!»,-деді.
Кеш барысында студенттер қара өлең оқып, сол бір ауыр кезеңді бейнелеп, ән шырқады. Ахысқа түріктерінің қуғын-сүргін күні жайлы театрландырылған қойылым қойды.
Осылайша, ата-баба рухын еске алып, ұлтаралық татулық пен достықтың озық үлгісін көрсеткен іс-шара жоғары деңгейде өтті.