«ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ИДЕЯСЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ

  • 15.11.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай – «Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы» атты халықаралық конференция басталды

Айтулы іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі және оқу ордамыз бірлесе ұйымдастырды.

Тұрар Рысқұлов – аса көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, ғалым, тарихшы, публицист және дипломат. Түркі мемлекеттерінің ынтымағы мен тұтас Түркістан идеясы үшін күрескен ұлы тұлға.

Іс-шараға жиналған қонақтар, ең алдымен Орталық архивтің Тұрар Рысқұлов туралы құжаттар көрмесін тамашалады.

Конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жолдаған құттықтау хатын көпшілікке жеткізуден басталды. Оны ҚР Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілікке оқып берді. 

«Құрметті қауым, сіздерді аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына арналған халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын!

Тұрар Рысқұлов – мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Ол төл шежіремізге ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Нәубет жылдары халықты аштықтан құтқаруға атсалысты. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі тұтас Түркістан идеясымен тығыз байланысты. Оның түркі мемлекеттерінің бірлігіне қатысты идеясы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ»,-деген Президент құттықтауында.

Келесі кезекте, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ХҚТУ Өкілетті Кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын жеткізді.

«Биыл еліміз ұлтымыздың бірқатар айтулы тұлғаларының мерейтойын атап өтуде. Солардың қатарында Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы айрықша мәнге ие. Жалпы ұлттың елеулі есімдерін ұлықтау – ортақ міндет!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тарихқа объективті көзқарас қалыптастыру, біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарға, әлемге насихаттау ісін жүйелі жүргізу туралы тиісті органдарға нақты міндеттер жүктеді. Конференция осы бағыттағы игі бастамаларды жүзеге асыруға тың серпін беретін маңызды қадам екені сөзсіз»,-деген Мәулен Әшімбаев.

Ал, ҚР Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтауын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев оқып берді.

«Қасиетті оңтүстік өңірінде түлеп ұшқан Тұрар Рысқұлов күрделі кезеңде ел басқару ісінде белсенді түрде мемлекет дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының өнегелі жолын жалғап, ұлтына адал қызмет етті. Қайраткер тұлғаның туған халқымызбен қатар, тұтас түркі дүниесі мен Орталық Азия елдерінің тарихында да өшпес ізі, қалдырған қолтаңбасы бар.

Осындай ізгі іске ұйытқы болған жандарға алғыс айта отырып, баршаңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!»,-делінген Ерлан Қошанов құттықтауында.

Бұдан әрі халықаралық конференция пленарлық отырысқа ұласып, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар ұлы тұлғаның өмірі және қызметі жөнінде мардымды ой-пікірін, тың ақпараттарды ортаға салды.