УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АТЫНДАҒЫ АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

Оқу орнымызда өтіп жатқан «Тұрар Рысқұлов және Түркістан идесы» атты халықаралық конференция аясында «Тұрар Рысқұлов атындағы Аллея» ашылды.
Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай университетіміздің аумағында тағы бір аллея пайда болды. Оның ашылуына халықаралық конференцияға қатысушылар, ұлт зиялылары, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар, университет басшылығы, түркі әлемінің жастары және оқу орнымыздың Студенттік парламентінің белсенділері қатысты.
Аллеяға айтулы датаға орай 130 түп шынар ағашы отырғызылды. Университет ректоры Жанар Темірбекова келешекте аллеяның аумағы кеңейіп, үлкен паркке айналатынын атап өтті.
Осылайша, ұлт үшін туған ұлы тұлға – Тұрар Рысқұловтың ерен еңбектері айтылған конференция өз мәресіне жетті. Қазақ халқы мен түркі мемлекеттерінің, Орта Азия халықтарының ынтымағы мен амандығын армандаған баба рухына бүгінгі ұрпақтары тағзым етті. Оның артында қалдырған өшпес ізі, тарих сахнасындағы рөлі тағы да айтылып, жаңғырды. Заманында ашаршылықтан зардап шеккен халқының қамын жеген ұлт жанашырының ел біле бермейтін, сан салаға сіңірген еңбегі сараланды. Тұрар Рысқұловтың мәңгілік атына тәуелсіздік пен теңдікте, тоқшылық пен молшылықта, бақыт пен шаттықта өмір сүріп жатқан жас ұрпақ бас иді.