ТҮРКИЯ ДЕПУТАТЫНЫҢ КҮРЕСКЕ ТОЛЫ ТАҒДЫРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Серкан Байрам – Түркия ұлттық мәжілісінің депутаты. Стамбул университетінің заң факультетін тәмамдаған. Мармара университетінің Әлеуметтік-ғылымдар факультетінде магистр дәрежесін алса, қазіргі таңда Малтепе университетінің Саяси ғылымдар факультетінде докторлық диссертациясын қорғауда. Сондай-ақ, көптеген үкіметтік емес ұйымдардың мүшесі, танымал адвокат.
«Бидай дәні» фильмі – әділетсіздікке және қоғамның шеттетуіне қарсы күрескен халық қалаулысы Серкан Байрамның өмірінен алынған туынды. Фильмде кішкентайында бидай алқабында қолынан айырылған бас кейіпкер – Серкан Байрамның күреске толы тағдыры бейнеленген.
Айта кетейік, бұл фильм – әлемнің 181 елінде көрсетіліп, 40 миллионнан астам қаралым жинаған.
Жиында сөз бастаған Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек ZOOM желісі арқылы онлайн байланысқа шықты.
«Ясауи университетінде Қазақстан мен Түркияның мемлекет қайраткерлерімен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Оның мақсаты – түлек атанғаннан кейін, осы қайраткерлеріміздің өмірлік тәжірибесінен үлгі алып, шабыттанғандарыңызды қалаймыз. Бұл біз үшін аса маңызды.
Бүгін сіздермен бірге тек қана Түркияға ғана емес, әлемге танылған қонағымыз отыр. Барлық маңызды кездесулер мен жұмыстарына қарамастан, сіздермен кездесу үшін келді. Біздің арнайы шақыртуымызды қабыл алып келген Серкан Байрамға ризашылығымызды білдіреміз!»,-деді төраға.
Келесі кезекте, Түркияның Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак:
«Серкан Байрам – кедергілер мен қиындықтарға қарамастан үлкен жетістікке жеткен заңгер, саясаткер және жазушы.
Ал, «Бидай дәні» – бидай дәнінің жерге түсіп, өмірге бекінуі секілді, ешнәрсеге қарамастан, өмір ағымына ілескен мүмкіндігі шектеулі жандарды бейнелейді. Дегенмен, бұл фильм мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, өмірінде кездесетін кедергілерді жеңгісі келетіндердің барлық жанға шабыт береді»,-деді.
Ректор Жанар Темірбекова: «Біз университетімізге жастарымыз үшін өмірлік сабақ беретін, қоғамға пайдалы бола білген, мемлекет және қоғам қайраткерлерін жиі шақырамыз. Сол жандардың бірі, қадірлі қонағымыз – Серкан Байрам.
Студенттеріміз мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жақсы қарым-қатынас орнатуда өте сауатты болғанын қалаймыз. Жалпы қоғамға жанашырлық танытатын, ерекше балаларды тәрбиелеп жатқан отбасыларға қолдау білдіре алатын, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасса дейміз. Осы себепті де бүгінгі кездесудің маңызы зор. Сондықтан, бүгін сіздермен жолығу үшін алтын уақытын қиып келген Серкан Байрам мырзаға алғыс айтамыз!»,-деді.
Ректор өкілі Нажи Генч те өзінің ақ тілегін арнап, бұл жиынның маңызды екенін атады.
Сөз кезегін алған Серкан Байрам Түркиядан бауырлас ел Қазақстанға деген ыстық сәлемін ала келгенін айтты. Кездесуді ұйымдастырған Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен университет басшылығына алғысын білдірді.
«Менің өмірім туралы жаңа ұстаздарыңыз айтып өтті. Мен – осы саусақтарыммен оқыдым, осы саусақпен заңгер болдым, осы саусақпен депутат болып қызмет етемін. Мен мұны неге айтып отырмын? Өйткені жастар, ертең университетті бітіргенде, өмірде бәрі сіз қалағандай болмауы мүмкін. Адам құлаған кезде емес, бас тартқанда жеңіледі. Бірақ біз ешқашан жеңілмейміз, күресеміз!»,-деді.
Серкан Байрамның сөздері де фильмі де көптің жүрегін тебірентті. Табандылық пен өмір үшін күрестің озық үлгісін көрсетті. Фильм соңында көрермен қауым тік тұрып, Серкан Байрамға қошемет көрсетті. Сондай-ақ, фильм соңында алған әсерлерімен бөлісіп, кейіпкерге толғандырған сауалдарын қойды.