УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ҚР МӘСЛИХАТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ АУҚЫМДЫ БАСҚОСУ ӨТТІ

  • 20.11.2024
  • KZ

image

Бүгін университетіміздің Мәдениет орталығында Қазақстан Мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған – «Әділетті Қазақстанды құруда мәслихаттардың рөлі: тарих, бүгін және болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Айтулы басқосу Түркістан облысының мәслихаты мен университетіміздің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Парламент депутаттары, қазақстандық және шетелдік беделді сарапшылар, ғалымдар, барлық шақырылымдағы мәслихаттардың бұрынғы және қазіргі депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық және халықаралық академиялық қоғамдастықтардың өкілдері, басқарма басшылары қатысты.

Басты мақсат – Қазақстан Мәслихаттарының 30 жылдық мерейтойы аясында облыстық мәслихаттың атқарған жұмыстарын қорытындылау, мәслихаттардың рөлін арттыру мәселелерін талқылау.

Жиынға қатысушылар алдымен «XI-XIX ғғ. Еуропалық және шығыс карталарындағы түркі мемлекеттері» атты Галереямен танысып, Түркістан облысы мәслихатының жұмысына арналған арнайы бейнероликті тамашалады. 

Іс-шараның модераторы болған оқу орнымыздың ректор әрі Түркістан облысы мәслихатының депутаты Жанар Темірбекова: «Тамыры тереңге жайылған түркі халықтарының рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Баршаңызға Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын!

30 жыл ішінде барлық мәслихаттар ықпалды билік органдарына айналды. Мұның барлығы депутат санатындағы еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің, өз жұмыстарыңызға адалдықтың жемісі. Осы мерейлі жылы мәслихаттар халық билігінің символы болып, бұрынғыданда тұғырлана түскенін айрықша атап өткен жөн»,-деді.

Конференцияны салтанатты түрде ашып беру үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сөз тізгінін алды.

«Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Түркістан облысындағы облыстық және жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз»,-деді.

Сонымен қатар, жиын қатысушыларына Сенат депутаты Мұрат Қадырбек ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берсе, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың ыстық сәлемін жеткізді. 

Ал, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов: «Халық қалаулары өңірдің қоғамдық-саяси, рухани өміріне етене араласуда. Құрметті қауым, мәслихат депутаттары 30 жылда ел дамуына бағытталған өте маңызды шешімдер қабылдады. Осы сәтті пайдалана отырып, халық аманатын арқалап, оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарған, мәслихат институтының дамуына орасан үлес қосқан, бұрынғы мәслихат хатшыларына, бұрынғы және қазіргі депутаттарға, ел ағаларына зор алғысымды білдіремін!»,-деді.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Мұрат Жұрынов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова арнайы баяндамаларын оқыды.

Қадірлі қонақтардың бірі – қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанқызы да сахна төріне шығып, қатысушыларды жігерлендіріп, патриоттық сезімді күшейтетін жалынды сөздерін арнады.

«Мемлекет болу үшін тіл мен дінге берік болуымыз қажет екенін МәшҺүр Жүсіп Көбеев айтып кеткен. Бізге жер берді, келісті тіл берді. Тәуелсіз ел болдық, ең бірінші, ана тілімізді сақтайық, құрметтейік және адал болайық! Тілді жүрегімізбен жақсы көріп, сосын отбасымызда, ұжымымызда, елімізде мәртебесін көтерейік!

Құрметті депутаттар, сіздер халық пен билік арасында алтын көпір боламыз деп ант бердіңіздер. Ендеше, шынайы түрде сол көпірге айналыңыздар. Тәуелсіздік алғаннан бері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі депутаттар біршама маңызды іс атқарды. Сол жұмысты жалғастырайық. Бар болыңыздар, нар болыңыздар!»,-деді.

Бұдан әрі жиын ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсіміне ұласты. «Түркістан облысының Құрметті азаматы», «Құрметті депутат» төсбелгісі, ҚР министрліктерінің, ҚР Сенатының, «Қазақстан мәслихаттары» РҚБ-ның марапаттары табысталды.

Конференция соңында мәслихат депутаттары оқу ордамызда ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай ашылған Аллеяда шынар ағашының көшеттерін отырғызды.