ОҚУ ОРДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫН ЗОР ҚҰРМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

  • 25.11.2024
  • KZ

image

Бүгін университет басшылығы мен студенттер Әлем чемпионы атанған спортшыларымыз бен олардың бапкерлерін үлкен құрметпен қарсы алды.

Жиылған қауым Астана қаласында Спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан Нұрила Асанқызы мен қола жүлдегер Ұлбосын Адилова және бокстан Будва (Черногория) қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Сейілхан Өнер мен қола жүлдегері атанған бұрымды боксшы Шұғыла Нәлібайға қошемет көрсетті. Қазақстанның атын асқақтатып, оқу орда абыройын үстем еткен студенттерімізді әуезді әнмен, әсем гүлдермен күтіп алды. 

Сонымен қатар, жеңімпаз жастарды спорттық сайыстарға дайындаған – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары Абсадық Халиллаев пен Берік Жарылқасынға, аға бапкер Еркебұлан Көпесовке ерекше құрмет көрсетілді.

Келесі кезекте, чемпиондар мен бапкерлерді ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Нажи Генч арнайы қабылдады.

Ректор Жанар Темірбекова: «Студенттеріміз спорт саласында жыл сайын жаңа жетістіктермен қуантуда. Бұл – үлкен қуаныш! Әлем чемпионы атану – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Жеңістің артында еңбек пен тер, күш-жігер тұр. Осындай чемпиондарды дайындаған бапкерлеріне де үлкен алғысымызды білдіреміз!»,-деді. Сондай-ақ,спорт саңлақтарының алдағы уақытта да жетістікке жетіп, сайыстарда бақ сынауы үшін барлық қолдауды көрсетуге дайын екенін баса айтты. 

Ал, ректор өкілі Нажи Генч әлемдік бәсекеде топ жарған спортшыларды құттықтап, ризашылығын білдірді.

Спортшылар мен бапкерлер құрмет-қошеметпен қарсы алып, ақ тілегін арнаған оқу орда басшылығына алғыс айтты. 

Жиын соңында Жанар Темірбекова мен Нажи Генч әлем чемпиондарын арнайы алғыс хатпен марапаттап, университет атынан қаржылай сый-сияпат табыстады.