Оқу ордамызда «Мемлекеттік тіл саясаты: негізгі бағыттары және өзекті мәселелері» атты республикалық семинар өтті. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен университетіміз ұйымдастырды.
Айта кетейік, семинар жұмысына министрліктердің өкілдері, өңірлердің тілдерді дамыту мәселесіне жауапты басқарма басшылары, жауапты мамандары, ғалымдар, «Қазақ тілі» қоғамы мен этнос өкілдері және Түркістан облысының тілдерді дамыту мәселесіне жауапты қызметкерлері, тіл жанашырлары қатысты.
«Ұлы Дала елі» орталығында бастау алған семинарды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып беріп: «Мемлекеттік идеологияны ұлттық негізбен байланыстыра отырып жүргізуде бүгінгі шараның маңыздылығы жоғары. Баршаңызға белгілі, ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауда сындарлы тіл саясаты үлкен маңызға ие. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту бағытында ел көлемінде, өңірімізде нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Мемлекет басшысы Қазақстан ғалымдарына ауқымды және терең саяси, концептуалдық міндет қоюда. Ең бастысы – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық қамтамасыз ету тетіктері мен жүйелі механизмін жасаудың ғылыми негізін әзірлеу. Бұл елімізді халықаралық деңгейде мойындатуымен бірге, тәуелсіздігімізді де тұғырлы етеді. Сіздердің бүгінгі кеңестегі ой-пікір, ұсыныстарыңыз тарихи тамыры тым тереңде жатқан қазақ тілінің заманауи бағытта дамытудың алғышарты болады деп есептеймін. Семинар жұмыстарының сәтті аяқталуына тілектеспін», -деді.
Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комиттетінің Басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов іс-шараның маңызын саралады.
Шара барысында өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен Тілдерді оқыту орталықтарының ұйымдастыруымен көрме қойылды. Онда ұлттардың салт-дәстүрлері таныстырылып, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдары көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, тіл саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев Министрліктің құрмет грамотасы мен төс белгісін, Түркістан облысы әкімі орынбасарының алғыс хатын табыстады.
Айтулы семинардың пікірсайыс алаңы және панельдік сессиясы оқу ордамызда жалғасты.
Ең алдымен, «Мемлекеттік тіл саясаты: дарынды жастардың көзқарасымен» тақырыбында пікірсайыс өтті. Пікірсайысқа тіл саясатын іске асыру мәселесіне жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен студенттер қатысты.
Студенттер тіл саясаты мен тіл туралы бағдарламалар мен заңнамалар жайлы пікірлерін ортаға салды. Сұрақ-жауап арқылы өзара ой алмасты.
Жиын «Тіл саясатын іске асыру мәселелері» туралы панельдік сессияға ұласты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Шыңғыс Егембердиев баяндама оқыды.