Бүгін университетімізде XXXIII Студенттік ғылыми-теориялық конференцияның жабылу салтанаты өтті.
Конференцияның басты мақсаты – ғылыммен айналысуға деген ынтасы бар өрендеріміздің осы сан қырлы соқпағы бар ғылым жолына басатын алғашқы қадамдарына қолдау жасау, көмектесу.
Айта кетйік, әр секция бойынша өз баяндамаларын жасайтын студенттеріміздің ғылыми жұмыстарына белгілі ғалымдарымыз жетекшілік жасады.
Оқу ордамызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін конференцияға 32 секция бойынша 735 студент қатысты.
Жабылу салтанатында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова:
«Бүгін біз осынау ғылыми жолды таңдап, баяндама жасаған, республикалық конкурстарға қатысып, орындар алған білімгерлерімізге алғыс айтамыз. Сондай-ақ, ғылыми зерттеу жұмыстарының маңыздылығын түсінген барша студентіміз бен жетекшілеріне де алғыс айтамыз!»,-деді.
Ректор өкілі м.а Нажи Генч те өзінің ыстық ықыласын білдіріп, студенттерді жарқын жетістіктерімен құттықтады.
«Студенттік ғылыми конференциялардың маңызы зор. Өйткені, әр адам дүниеге келгеннен бастап, өмірінің соңына дейін білім алып, ізденісте болуы керек. Осындай ғылыми шаралар мен байқауларға қатысып, ат салысқан барлық білімгерге ризашылығымызды білдіреміз!»,-деді Нажи Генч.
Жиын Студенттердің XXXIII ғылыми-теориялық конференциясы бойынша республикалық деңгейде орын алған студенттерімізді марапаттау рәсімімен жалғасты. Өткен оқу жылында 6 студентіміз республикалық байқауда жүлделі орын алып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Университет басшылығы сол білімгерлерімізге аранайы сертификаттар мен дипломдарын табыстады.
Келесі кезекте, аталған конференцияның секцияларында үздік атанғандар арасында «PechaKucha» байқауы өтті.
Байқауда комиссияның төрағасы Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева болса, комиссия мүшелері ретінде Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу бастаған оқу ордамыздың өзге де вице-ректорлары қатысты.
2022-2023 оқу жылынан бастап, университет басшылығы баяндамашыларды ынталандыру мақсатында «Үздік» атанған 3 студентке Түркия Республикасына жазғы оқуға сертификат ұсынады. Биыл да бұл игі іс өз жалғасын тауып, «PechaKucha» байқауының жеңімпаздары жолдамаларға ие болды.
Іс-шара соңында байқау нәтижесінде жүлделі орын алған өзге білімгерлер де марапатталды.