Университетімізде «Нұртас Оңдасынов – белгілі қоғам қайраткері, ұлт жанашыры, білім бастауы» атты ғылыми семинар өтті.
Шара қоғам қайраткері, ғалым, Түркістан топырағының тумасы Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа таныту және оның ізгі қасиеттерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Семинарға университеттің профессор-оқытушы құрамы, студенттер, қоғам және ғылым саласының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Нұртас Оңдасыновтың өмір жолы, оның ұлт мүддесі жолындағы қызметі мен еңбектері туралы мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Қатысушылар тарихи тұлғаның қоғам мен білім саласына қосқан үлесін талқылады. Баяндамашылар арасында университеттің оқытушылары мен қонақтар болды.
Шараның шымылдығын ашып берген облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов Нұртас Оңдасыновтың зейнет жасына шықса да білім беру жолында көптеген зерттеу жасап, еңбектер жазғанын атап өтті.
«Нұртас Оңдасынов өз заманында қолынан келгенін істеп, бізге даңғыл жол салып берді. Қазір Қазақстанның экономикасы да, болашағы да, білімі де осы университетте өздерің сияқты білім алып жатқан жастардың қолында», - деп, залға жиналған жастарға сенім білдірді.
Шараға арнайы шақырылған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің журналисі Әтіргүл Тәшім өз кезегінде Нұртас Оңдасыновтың тұлғасы туралы ізденісі қалай басталғанын айтып берді.
Ол өз сөзінде Нұртас Оңдасыновтың ерекше тұлғасы мен мұрасына тоқталып, оның жастар үшін маңыздылығын атап өтті.
«Мен ғалым емеспін, зерттеуші емеспін, қарапайым қатардағы журналистпін. Осыдан жиырма жыл бұрын Нұртас Оңдасынов атамыздың 100 жылдығы кезінде үлкен іс-шара өтті. Сол кезде оның мемориалды кешені ашылып, музейі іске қосылды, мектеп пен көшеге есімі берілді. Мен сол уақытта Нұртас Оңдасынов туралы көп оқып, мақалалар жаздым, оның тұлғасына тәнті болдым. Ол Қазақстан Үкіметінің екінші адамы, қазіргі тілмен айтқанда, Премьер-министр болған. Сондай қиын кезеңде үкіметті басқарған тұлға ретінде ол мықты идеолог болды. Театрдан қалмайтын, жаңа әндерді тыңдап, өнер мен мәдениетке ерекше көңіл бөлетін жан-жақты, патриот, нағыз идеолог еді. Әдетте экономиканы басқаратын адамдар өнер мен мәдениеттен алыс болады ғой. Ал Нұртас Оңдасыновтың бұл қыры – ерекше феномен. Сондықтан жастар үшін оның тұлғасын тану, мұрасын насихаттау өте маңызды», – деді журналист.
Әтіргүл Тәшімнің бұл пікірі семинар қатысушыларына Нұртас Оңдасыновтың сан қырлы болмысы мен ұлт алдындағы рөлін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді. Оның сөздері жастар арасында қайраткер тұлғалардың мұрасына деген қызығушылықты арттырып, елге қызмет етудің үлгісін көрсетуде маңызды рөл атқарды.
Семинарда тұлғатануды дәріптеп жүрген ұлағатты ұстаз, филология факультетінің кафедра меңгерушісі Жазира Исаева арнайы қонақ ретінде баяндама жасады.
Жазира Исаева өз сөзінде Нұртас Оңдасыновтың мұрасы мен оның ұлт алдындағы қызметінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол өз факультетінде де дәл осындай іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын және қайраткердің мұрасын кеңінен насихаттау жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
«Өз ұлын өз ұлты ескеруі керек. Түркістан ұлымен мақтанады. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөз бар. Нұртас Оңдасыновтың қызметін саудаламаған қасиеті – үлгі аларлық нәрсе. Жақында министрліктің тапсырмасымен республикалық деңгейде үлкен іс-шара өтті. Алты сағатқа созылғанына қарамастан, қатысушылар қимай қоштасты. Бұл – ұрпағымыздың өз ұлын тануға құштар екенін көрсетеді. Сондықтан студент жастар арасында осындай шаралар көптеп ұйымдастырылуы қажет», – деді ол.
Жазира Исаеваның бұл пікірі қайраткерлердің тұлғасын тану және оны жастарға үлгі ету жұмыстарының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Сөз соңында ол мектеп қабырғасында «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы ұсынысын да айтты. Семинарға қатысқан студенттер мен оқытушылар оның сөздерінен шабыт алып, Нұртас Оңдасыновтың ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудегі рөлін тереңірек ұғынды.
Семинардың ерекше бөлімі – ғылыми-танымдық викторина ұйымдастырылып, студенттер арасында тартысты жарыс өтті. Викторина барысында студенттер өз білімдерін көрсетіп, Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен еңбегіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, белсенділік танытқан қатысушылар, профессор-оқытушылар мен шара қонақтары ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.
Бұл семинар студенттердің тарихи тұлғаларды тереңірек тануына және олардың құндылықтарын бойына сіңіруіне ықпал етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың рухани дамуына, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерделеуге деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.
Айта кетейік, іс-шараны университетіміздің Экономика және басқару факультеті ұйымдастырды. Бұл семинар ұлт тарихына құрмет көрсету және тарихи тұлғалардың еңбегін дәріптеудегі маңызды қадамдардың бірі болды.