ПРОФЕССОР РАХМАНҚҰЛ БЕРДІБАЙ АТЫНДАҒЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Ұстаз атын ұлықтаған айтулы жиынға зиялы қауым өкілдері, Рахманқұл Бердібай әріптестері мен шәкірттері, қызы Айжан Рахманқұлқызы және профессор-оқытушылар, студенттер қатысты.
Рахманқұл Бердібайұлы – Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы ғалым, фольклор зерттеушісі, сыншы, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстаз. Сондай-ақ, Қазақстанға Еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Түркия Президентінің «Түркі еліне қызметі үшін» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тұлға.
Ғалым өзінің еңбек жолын орта мектепте мұғалім болып бастап, түрлі қызметте абыройлы еңбек етті. 1995 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін университетіміздің Филология факультетінде абыройлы қызмет атқарды.
Рахманқұл Бердібай қазақ әдебиеттану ғылымына арналған 32 кітап пен 1200 мақала жазған. Сонымер қатар, түбі бір түркі халықтарының әдебиеті мен рухани байланысын саралайтын «Достық кемесінде», «Гүлстанның бұлбұлдары» сынды өзге де кітаптардың авторы.
Іс-шарада, ең алдымен, конференция залының лентасы салтанатты түрде қиылды. Өнерлі студенттеріміз жетіген мен домбыра шертіп, әуезді әуенмен көптің қошеметіне бөленді.
Жиында сөз бастаған Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек ұлт дамуы мен ұрпақ тәрбиелеуде өз шығармашылығымен үлес қосқан Рахманқұл Бердібай сынды азаматтарды ұмытпай, есімін ардақтаудың маңызын айтты.
«Бүгінгі іс-шара жүрегімізге батып, қынжылтса, екінші жағынан кеудемізге мақтаныш сезімін сыйлады. Түркістан – түркі жұртының рухани астанасы. Ал, осы өңірде өсіп, бар жақсысын бойына сіңірген Рахманқұл ағамыздың орны ерекше. Осы конференция залына қазақ елі мен университетімізге, күллі түркі жұртына еңбек сіңірген азаматтың аты берілді. Міне, жастар, бүгін мемлекеті мен халқына қызмет еткен үлкен буынның ұмытылмайтынын көріп отырсыздар. Адам өмірге келіп, өсіп-өніп, еңбек етіп, өмірден өтеді. Рахманқұл ағайымыз да түркі әлеміне еңбек етіп, дүниеден өтті. Өмірден өтсе де артында өшпес із қалдырды!»,-деді Өкілетті Кеңес төрағасы.
Келесі кезекте, университет ректоры Жанар Темірбекова саналы ғұмырын білім жолында сарп еткен ғалымның игі істері мен жүріп өткен жолынан сыр шертті.
«Бүгінгі жиын – тағылымы мол іс-шара. Университет тарихымен аты тығыз байланысты, Түркістанға ғана емес, Қазақстанға, түркі әлеміне еңбек еткен тұлғаға арналмақ. Түркістандағы ең мықты әдебиеттанушылардың көшін бастаған, атына заты сай Рахманқұл ағамыз Түркістанды жаңғырту идеясымен, университеттің қалыптасу жолында ұзақ жылдар бойы еңбек етті»,-деді ректор.
Ал, ректор өкілі м.а Нажи Генч Рахманқұл Бердібайдың университет дамуына қосқан үлесі туралы айтты.
Сондай-ақ, университет басшылары Рахманқұл Бердібай сынды, оқу ордаға елеулі еңбек сіңірген ғалымдарды естен шығармай, конференция залдары мен аудиторияларға есімдерін беріп, ашылуына үлес қосқан Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшекке ерекше ризашылықтарын жеткізді.
Жиында ғалымның қызы Айжан Бердібай: «Баршамызға әкем – Рахманқұл Бердібай атындағы конференция залының ашылуы құтты болсын! Осы қуанышқа себепкер болған университет басшылығына алғыс айтамыз. Әкеміздің әріптестері мен шәкірттеріне де ризашылығымызды білдіреміз! Әкеміздің атын ұмытпай, ұлықтап жатқан қауымға рақмет!»,- деді.
Университет басшылығы Айжан Рахманқұлқызына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.
Іс-шара барысында Рахманқұл Бердібайұлының шәкірті, белгілі айтыскер Бекарыс Шойбеков пен Жанымгүл Камалқызы ақ тілегін арнап, естеліктерімен бөлісті.
Жиын соңында ғалыммен бірге университет дамуы жолында еңбек еткен әріптесі, профессор Шәкір Ибраев та ортақ естеліктерін баяндады. Рахманқұл Бердібайдың ұстаздық болмысы, ғалым ретінде өр бейнесін суреттеп берді.
Осылайша, бір ортаға тоғысқан қауым ардақты ұстаз Рахманқұл Бердібайұлының рухына тағзым етті.