ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ХХХІІI СПАРТАКИАДА АЯҚТАЛДЫ

Дәстүрлі түрде өтетін спартакиаданың мақсаты – ұстаздарымыздың арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және денсаулығын нығайту, спорт түрлері бойынша университет құрама командасын жасақтау.
Командалар: кіші футбол, волейбол (қыздар, ерлер), үстел теннисі, ату спорт түрі, эстафета, арқан тарту спорт түрлері бойынша сайысты.
Спорттық доданың соңғы күні – «арқан тартыс» ойынына арналды. Білек күші мен табандылықты талап ететін сайыс тартысты өтті. Әр команданың қолдаушылары қошемет көрсетіп, қызықты ойын тамашалады.
Жабылу салтанатында сөз алған Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Біз үшін ең алдымен сайыс емес, денсаулық сақтау мен салауатты өмір салтын сақтау маңызды. Басты мақсатымыз – ұжым арасындағы бірлік пен татулықты нығайту. Сондықтан барша команданы құттықтаймыз!»,-деді.
Жарыс нәтижесінде «Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби» колледжі Чемпион атанды. Ал, Ректорат құрама командасы 2-орынды жеңіп алды. Филология факультеті 3-орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, спорт сайысында үздік ойын көрсеткен белсенді қатысушылар да арнайы марапатталып, сый-сияпаттарға ие болды.