МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ УНИВЕРСИТЕТ МУЗЕЙЛЕРІНЕ ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ

  • 15.02.2024
  • KZ

image

Бүгін Түркістан қаласындағы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының 40-қа жуық оқушысы Мәдениет орталығында орналасқан университет мұражайларымен танысты.

8 сынып оқушылары «Түрік әлемінің тарихи панорамалық» мұражайын, Археология мұражайын, «Қазақстан карталары» көрмесін, «Ұлы Дала тарихы» галереясын аралады.

Археология ғылыми зерттеу институтының жетекші маманы Мэлс Бақтыбаев экскурсияны жүргізді. Мұражайлардағы әр заттың тарихи құндылығын жеткізіп, оқушылар үшін қызықты деректерді баяндады.

Оқушылар тек мұражайларды аралап қана қоймай, университетіміздің орталық кітапханасымен де танысты. Ондағы кітап қоры мен оқырман студенттер, ғимарат әсемдігі оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

Ататүрік мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Сымбат Айтбаева «Мұражайларды аралау арқылы қазақ халқының ғана емес, түркі жұртының тарихымен таныстым. Көне заманның әшекей бұйымдары мен ыдыстарын да көрдік. Қазақ хандары бейнеленген картиналарды тамашаладық. Мен үшін қызықты экскурсия болды. Ясауи университеті жайлы ақпараттармен де танысу арқылы болашақта осында оқуға деген қызығушылығым да артты»,-деді.

Оқушылар көне заманның құнды жәдігерлері мен өз елінің терең тарихына бойлап, түркі жұртының ғасырлардан бері жалғасқан достығы мен бауырластығын бейнелейтін мұражайларды аралау арқылы рухани азық алып қайтты.