УНИВЕРСИТЕТІМІЗ ТҮРКІСТАННЫҢ БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТУРИЗМ САЛАЛАРЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ҰСЫНАДЫ

Кездесуге университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиддин Шимшек, ректор Жанар Темірбекова, ректор өкілі Нажи Генч қатысты. Басқосу барысында оқу орнымыздың өңірдің рухани, ғылыми және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жоспарлары ұсынылды.
Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиддин Шимшек университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетін пайдалана отырып, Түркістанды туризм орталығына айналдыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Оның ішінде:
• Түркология саласындағы ғылыми-зерттеу орталығының ғимаратын салу,
• Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті білім беру орталығын ашу,
• Жылына 8 миллионға жуық зияратшы мен турист келетін Түркияның Конья қаласының тәжірибесін енгізу мәселелері айтылды.
Университеттің аймаққа тигізіп отырған ықпалын ерекше атап өткен облыс әкімі Нұралхан Көшеров:
– Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – Түркістан облысының дамуында ерекше рөл атқаратын білім ордасы. Университет түлектері еліміздің әр саласында табысты қызмет атқарып, өңіріміздің дамуына үлес қосып келеді. Бүгінде облыста өндіріс орындары ашылып жатыр. Соларға қажетті техникалық мамандықтарды университет қабырғасында даярлау маңызды. Бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді.
Сонымен қатар, әкім «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында университетімізбен бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Оқу ордамыздың ректоры ректоры Жанар Темірбекова университеттің аймақтық дамудағы стратегиялық рөлін атап өтіп:
– Түркістан қаласының әлеуетін арттыру – университеттің негізгі басымдықтарының бірі. Білім, ғылым және туризм салаларын дамытуда әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істеу біз үшін маңызды. Университет түлектерінің аймаққа тигізер пайдасын арттыру үшін жаңа бөлімдер ашып, заманауи білім беру бағдарламаларын ұсынуды жоспарлап отырмыз, – деді.
Айта кетейік, халықаралық университетіміз Түркістанды түркі әлемінің рухани әрі ғылыми орталығына айналдыру жолында өз миссиясын одан әрі жалғастыра бермек.