ОҚУ ОРДАМЫЗҒА ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОНСУЛДАРЫ КЕЛДІ

  • 14.02.2025
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызға Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасы Алматы қаласындағы Бас консулдығының консулдары арнайы келді.

Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасы Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері Дилшод Собиров пен Эркин Абдукаюмов қонақ болып, студенттермен кездесті.

Айта кетейік, қазіргі таңда университетімізде Өзбекстаннан келген жалпы саны – 200 студент білім алады. Оның ішінде, 152 студент – бакалавр, 22-сі интернатура, 24-і дайындық факультетінде оқиды.

Жиында сөз бастаған әлеуметтік-мәдени даму мәселелері вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Ясауи университетінің құрылудағы мақсаты – түркі мемлекеттері жастарының басын қосып, білім беру. Қазіргі таңда оқу ордамызда 10 мыңға жуық студент болса, оның 13%-ын шетелдік студенттер құрайды. Олардың қатарында Өзбекстандық білімгерлеріміз де бар. Жалпы, қазақ пен өзбек халқының байланысы мен татулығының тамыры тереңде. Ол жайлы тарих беттерін қарап-ақ айтуға болады»,-деді.

Консулдар құшақ жая қарсы алып, азаматтарын білім нәрімен сусындатқан оқу орда басшылығы мен оқытушыларына алғыстарын білдірді.

Сонымен қатар, Өзбекстаннан келген студенттерге қажетті, кедендік мәселелер, заңнамалық жүйелер, шетелде білім алып жүрген жастарға көмек түрлері сынды өзге де кеңестер берді.

Жиын соңында студенттердің сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдады.

Қадірлі қонақтар, ректор өкілі м.а Нажи Генчпен де кездесіп, сүбелі сұхбат құрды. Қос мемлекет ынтымақтастығының одан әрі нығаюы және жастарға білім беру үдерісінде бірге еңбек етуге келісті.