ПРОФЕССОР СЕЙІТХАЛИ МАДУАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ

Ясауи университеті – өз шаңырағында елеулі еңбек етіп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, ғылым саласын дамытқан өр тұлғаларын ұмытқан емес! Соның кезекті дәлелі, бүгін оқу ордамызда – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан қаласының құрметті азаматы Сейітхали Мадуанұлы атындағы дәрісхана ашылды.
Келелі жиынға ғалымның әріптестері, достары мен қоғам қайраткерлері, көзін көрген игі жақсылар, отбасы мүшелері және оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар азаматы Сейітхали Мадуанұлының қазақ ғылымы мен білімі, мәдениетінің қалыптасуы мен дамуындағы орасан зор еңбектерін жас ұрпаққа таныту. Ұрпақ санасында жаңғыртып, дәріптеу, тұлғалық ерекшеліктерін, азаматтық ұстанымдарын айқындау.
Заманауи үлгіге сай жасақталған дәрісхана – Сейітхали Мадуанұлы қызмет атқарған тарих кафедрасында, 3-ғимаратта ашылды. Дәрісхана лентасын ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч, Мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, Сейітхали ұстаздың жары Перизат Тоқсан салтанатты түрде қиды.
Келесі кезекте, жиналған қауым 3-ғимарат ауласында ағаш отырғызды.
Ғалымның құрметіне арналған рухани жиын Мәдениет орталығында ғылыми және мәдени іс-шаралармен жалғасты.
Іс-шараның модераторы болған ректор Жанар Темірбекова: «Сейітхали Мадуанұлы – халқымыздың ғасырлар қойнауына кеткен тарихын, мәдени мұраларын зерттеп, оның келешек ұрпаққа жетуіне алтын көпір болған, ұлтымыздың, тіліміздің үлкен жанашыры, университет ашылған күннен бастап қызмет атқарып, оқу ордасының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Осы тұста, сіздерді Түркістан қаласының құрметті азаматы Сейітхали Мадуанұлы атындағы дәрісхананың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!»,-деді.
Арнайы сөз кезегін алған ректор өкілі м.а. Нажи Генч: «Түркі дүниесі дегенде Түркістан мен Ясауи университетінің алар орны бөлек. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен ерекше байланысты орнатушы – ортақ тіл мен тарих. Ал, біз, осы тарих саласында еңбек еткен Сейітхали ұстаздың атындағы дәрісхананы ашу оқу ордамыздың міндеті деп білеміз!»,-деді.
Ал, ҚР ҰҒА академигі Тынысбек Қалменов Сейітхали Мадуанұлы жайлы жылы естеліктерінен, балалық бейнесінен сыр шертті.
Сонымен қатар, Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі дипломат Зауытбек Тұрысбеков те ұстаз жайлы тың деректермен бөлісті. Ғалымның қазақ жұртына қызмет еткен бабаларының тарихымен, ұлт үшін туған Сейітхали Мадуанұлының есіміқойылу тарихын баяндады. Профессордың білімге деген құштарлығын, ізденіс жолынан естеліктерімен бөлісті. Көпшілікке Сейітхали Мадуанұлының «Қазақтың әкесі – тарих, анасы –тіл» деген рухты сөзін жеткізді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қожа Мұхтар да ұстазы болған Сейітхали Мадуанұлының болмысын, шәкірт тәрбиелеудегі бейнесін суреттеп берді.
Ғалымның жары Перизат Тоқсан айтулы іс-шараны ұйымдастырған университет басшылығына алғыс білдірді. Оқу орда басшылары Перизат анамыздың иығына шапан жауып, ақ орамал тақты.
Бұдан әрі ақынның шығармашылығына арналғаш кеш шымылдырығы «Би сұлтан» би ансамблінің қазақ биімен түрілді. Сондай-ақ, Сейітхали Мадуанұлының сөзіне жазылған «Ата заң» әнішырқалды. Студенттер ғалымның ақындық өнерін де танытып, қаламынан туған өлең шумақтарыноқыды.
Айта кетейік, Сейітхали Мадуанұлы –Түркістанның әнұранына айналған «Түркістаным-Тұраным» әніне сөз жазған ақын. Кеш соңында ақынның төл туындысы шырқалып, көрермен қауым тік тұрып қошемет көрсетті.
Осылайша, рух пен жігерге толы мәдени кеш өз мәресіне жетті. Бір кездері өзі ақтарып, сақтауға тырысқан қазақ тарихының беттерінде Сейітхали Мадуанұлының есімі алтын әріппен жазылды! Ұлт тарихында өшпес із қалдырған Сейітхали Мадуанұлының есімі ұлықталды.