ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САЙЛАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

  • 01.02.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының бастамасымен Дүниежүзілік сайлау күніне арналған дөңгелек үстел өтті.

Айта кетейік, 2022 жылдың 3 ақпанында барлық елдер 2005 жылы Будапештте (Венгрия) сайлауды ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтеді. Ал, дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өту дәстүрі Қазақстан Республикасы толыққанды мүшесі болып табылатын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының (ACEEO) бастамасымен басталды.
Бұл күннің мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру.

Дөңгелек үстелде алғашқы сөз тізгінін алған университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев маңызды іс-шараның Ясауи университетінде өтіп жатқандығы үлкен қуаныш екенін жеткізді. Сонымен қатар, сайлау жүйесі мен демократия мәселелері жөнінде пікірімен бөлісті.
Аталған іс-шараға облыстық, қалалық аумақтық сайлау комиссиялары, оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, колледж студенттері де қатысты.

Келесі кезекте күн тәртібіне сәйкес баяндамалар оқылды. Спикерлер Дүниежүзілік сайлау күні туралы, қазіргі қоғамдағы абсентеизм мәселесі, сайлау құқығы – азаматтардың ең маңызды құқықтарының бірі туралы және т.б тақырыптарда тың ақпараттар берді. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде: сайлау заңы мен кезеңдері, дауыс берудің әділдігі мен дауыс беру көрсеткіші сынды өзге де маңызды мәселелер қаралды.

Түркістан облысы жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Бектаев «Жастар және сайлау: болашақ жастар үшін» атты баяндамасын оқыды.
«Сайлау – мемлекеттің жарқын болашағы. Сол үшін халықтың сайлауға белсене араласуы арқылы мемлекет дамиды. Сайлау – еліміздің болашағы үшін аса маңызды саяси процесс. Мемлекеттік институттардың жетілуіне, халықтың жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді»,- деді Ерлан Бектаев.

Сондай-ақ, жастардың сайлау науқандарына жауапкершілікпен белсене ат салысуының маңызы мен өзіндік рөлі туралы кеңінен ой-пікірін білдірді.

Оқу ордамыздың студенттік президенті Бауыржан Ерасыл да университеттегі студенттік президент сайлауының жүйесі туралы баяндап өтті. Оқу орда білімгерлерінің сайлау жүйесіне қатысудағы белсенділігі мен қызығушылығы туралы статистикалық мәліметтермен бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар баяндамалар бойынша өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік сайлау күніне орай, сайлау жүйесін дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының алғыс хаттарымен белсенді азаматтар марапатталды.