«САЛАУАТТЫ БОЛАШАҚ: НАШАҚОРЛЫҚТАН БАС ТАРТУ - САНАЛЫ ТАҢДАУ» АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 19.02.2025
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызда «Салауатты болашақ: Нашақорлықтан бас тарту  саналы таңдау» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.

Іс-шараға арнайы спикер ретінде – Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК-нің дәрігер психиатры (нарколог) Досхан Шалапов келді. 

Сондай-ақ, айтулы кездесуге АИ дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Мадина Тұрғышбаева мен дәрігер Гүлжазира Бегімбетова қатысты. Спикерлер қатысушыларға нашақорлықтың зияны және онымен күресудің жолдарын кеңінен баяндады. 

Жиында сөз бастаған әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Бүгінгі іс-шараның мақсаты – сіздерге қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпарат беру. Сіздер еліміздің болашағысыздар, сондықтан, біз студенттер арасында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруды маңызды деп санаймыз»,-деді. 

Келесі кезекте, АИ амбулаториясының дәрігері Гүлжазира Бегімбетова: «Нашақорлық – әлеуметтік, психологиялық және медициналық мәселелерді туындататын өте қауіпті жағдай. Біз, өз кезегімізде студенттерге осы мәселенің маңызын түсіндіріп, олардың саналы таңдау жасауына ықпал етеміз. Саналы таңдау – өмірімізді жақсарту үшін дұрыс шешім қабылдау. 

Есірткіге тәуелділік адам ағзасына өте зиянды. Ол ми мен басқа ағзаларға  теріс әсер етіп, адамның психологиялық және физикалық жағдайын бұзады. Сонымен қатар, есірткі пайдалану адамды қоғамнан ажыратып, әлеуметтік мәселелерге әкеледі. Бұл дертке жастардың тым көп әуестенгені өте алаңдатарлық дүние. Есірткіден аулақ болу үшін алдымен зиянды әдеттерден –темекі шегу, есірткі заттарды қолданудан бас тарту керек. Бұл қадамдар сіздер үшін өмірдегі дұрыс таңдау болмақ»,-деді.

 «Нашақорлық – бұл тек жеке адамның ғана емес, қоғамның мәселесі. Әлем бойынша 500 000 адам есірткіден қайтыс болады. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш 110 000-ды құрайды. Біздің мақсатымыз – жастарды есірткіден аулақ болуға шақыру. Олардың санасын улайтын синтетикалық заттардан қорғау. Бұл мәселені шешудің басты жолы – саналы таңдау, әрі дұрыс шешім қабылдау»,-деді  дәрігер Досхан Шалапов.

Іс-шарада студенттерге есірткіге  тәуелділіктің әлеуметтік, психологиялық және медициналық мәселелерді туындататыны айтылды. 

Кездеу соңында, АИ дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Мадина Тұрғышбаева:«Нашақорлықтың алдын алу отбасыдан басталады. Жастарды тәрбиелеп, олардың санасын дұрыс бағытта қалыптастыру өте маңызды», - дей келе, отбасы мен қоғамның бұл мәселедегі рөлін жіктеп, түсіндірді.