УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ШОРТ-ТРЕК ЧЕМПИОНЫ АБЗАЛ ӘЖІҒАЛИЕВПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 21.02.2025
  • KZ

image

Университетіміздің Мәдениет орталығының кіші залында шорт-тректен Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжіғалиевпен кездесу өтті. Жиынға спорт және өнер факультетінің студенттері мен оқытушылары қатысты.

Кездесудің модераторы болған университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов спорттың ел абыройын қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, оқу ордамыздың атын шығарып жүрген спортшы студенттеріміз туралы сөз қозғап, олардың жетістіктеріне тоқталды.

Абзал Әжіғалиев өзінің спорт жолындағы алғашқы қадамдары жайлы айтып, бастапқыда шорт-тректің қандай спорт түрі екенін білмегенін, қажырлы еңбектің арқасында қысқы спортта жоғары нәтижеге қол жеткізіп, халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүргенін мақтанышпен жеткізді. Ол Канада мен Америкада кеңінен таралған қысқы спорт түрінен қазақ баласының чемпион атануы үлкен жетістік екенін айтып, студенттерге мотивация берді.

Айта кетейік, Қазақстанның шорт-трек командасы жақында ғана 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Осы жарыстан кейін Абзал Әжіғалиев туған жері Оралға бармай тұрып, Түркістанға арнайы ат басын бұрып, университетіміздің студенттерімен кездесті. 

«Қазақстанда бокс пен күрес спорты жақсы дамыған, олимпиада чемпиондары көп. Бірақ қысқы спорт түрлерінен де жастарымыз жоғары нәтиже көрсеткенін қалаймын», – деді чемпион кездесу барысында.

Студенттер чемпионға көкейдегі сұрақтарын қойып, өзара қызу пікірталас жүргізді. Кездесу соңында қатысушылар Абзал Әжіғалиевпен естелік суретке түсіп, ерекше әсерге бөленді.