ҚАЗАҚ ТІЛІН ТҮРКІ ДҮНИЕСІНЕ ҮЙРЕТУГЕ АРНАЛҒАН АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

  • 25.02.2025
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамыздың Кентау кампусында Анимациялық фильм негізінде дайындалған «Күнікей және оның достары» атты қазақ тілі сабағы өтті.

Қазақ тілін түркі дүниесіне үйретуге арналған ашық сабақтың мақсаты – түркі тілдерінің ұқсастықтарын көрсету, қазақ тілінің маңыздылығын түсіндіру. Сонымен қатар, тіл үйренушілердің қызығушылығын арттырып, сөйлеу дағдыларын дамыту. Сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдер мен қызықты тапсырмалар арқылы қазақ тілін үйренуге ынталандыру.

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор өкілі Нажи Генч: «Университетіміздің ең үлкен байлығы – түркі дүниесінің басын қосқан ортасы. Ал, ең маңыздысы – тіл, ал ол бір-бірімізді түсіне алуымыз үшін аса маңызды. Біз үшін түркі дүниесінен келген білімгерлердің қазақ тілін де, түрік тілін де білуі маңызды. Осы тұста, бүгінгідей іс-шараны ұйымдастырып, тіл үйренудің маңызын саралаған Дайындық факультетінің оқытушылары мен тыңдаушыларына алғыс айтамын!»,-деді.

Келесі кезекте, Академиялық мәселелер вице-ректоры Элмира Идрисова: «Бүгін түркі дүниесінен келген тыңдаушылардың қазақ тілін қаншалықты меңгергенін көруге арнайы жиналдық. Ашық сабақ тіл меңгеруде инновациялық жаңа әдістерді қолдана отырып, жаңаша форматта өтпек. Бұл біз үшін үлкен қуаныш!Университет жарғысына сәйкес білімгерлерге қазақ және түрік тілінде білім беріп келеміз. Сондықтан қос тілді қатар алып жүруге міндеттіміз. Бүгінгі іс-шарада тіл үйренуде белсінділік танытқан тыңдаушылар мен оларды дайындаған оқытушыларға ризашылығымды білдіремін!»,-деді.

Тыңдаушылар «Күнікей және оның достары» көрінісін қойды. Айта кетейік, қойылымның режиссері, идея авторы – профессор Қарлығаш Қадашева.

Көріністе тыңдаушылар қазақ тілінде диалог құрып, актерлік шеберліктерін де танытты. Ең бастысы – қазақ тілі сабағында алған білімдерін жан-жақты көрсетті. Қазақ тілінің грамматикасы мен ережелерін талдап, сабақты қызықты өтті. Іс-шарада инновациялық технологияларды кеңінен қолданып, анимациялық фильмге негізделген сценарий ерекше әсер қалдырды.

Қойылымда тіл үйреніп жүрген жалынды жастардың қазақ тілінде еркін әрі таза сөйлеуге деген құлшынысына көрермен қауым қошемет көрсетті.

Жиын соңында тыңдаушылар бір шаңырақ астына жиналып, «Түркістаным-Тұраным» әнін шырқады. Университет басшылығы мен көрермендер сабақты жоғары бағалап, алғыстарын білдірді.