УНИВЕРСИТЕТ ДОКТОРАНТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ PISA – 2025 КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

  • 27.02.2025
  • KZ

image

Жақында Алматы облысында PISA – ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) халықаралық оқушыларды бағалау бағдарламасы аясында «Функционалдық сауаттылықты дамытудағы табысты тәжірибелер және жаңа бағыттар» тақырыбында конференция өтті. Халықаралық жиынға оқу орнымыздың PhD докторанты, халықаралық сарапшы Назира Тұрсынбаева арнайы қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – 15 жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыстану пәндеріндегі білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдану қабілетін бағалау нәтижелерін талқылау.

Конференцияның ресми бөлімін Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева ашты. Іс-шараға Түркия, Қырғызстан және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.  Сондай-ақ, еліміздің 11 облысынан 400 педагог келіп, 20 мыңнан астам педагог үшін конференция тікелей эфирде де жүргізілді.

Конференция барысында PISA халықаралық зерттеу нәтижелері негізінде болашақ білім беру стратегияларын қалыптастыру, зерттеу тапсырмаларын құрастыру алгоритмдері, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдер талқыланды. 

Конференцияның негізгі баяндамасын оқу ордамыздың және Гази университетінің PhD докторанты, халықаралық сарапшы Назира Тұрсынбаева оқыды. Ол «PISA нәтижелері және болашаққа бағытталған білім беру стратегиялары» тақырыбында білімі және тәжірибесімен бөлісті. 

Сонымен қатар,  Гази университетінің «Білім беруде өлшеу және бағалау» кафедрасының профессоры, халықаралық сарапшы Исмайл Каракая «PISA - 2025 зерттеуіндегі негізгі өзгерістер» атты баяндамасын оқыды.    

Жиын аясында профессор Исмайл Каракая мен PhD докторанты Назира Тұрсынбаева PISA 2022 зерттеуіндегі шығармашылық тұрғыдан мәселелерді шешуді бағалау үшін жасанды интеллектіні қолдану тақырыбында семинарлар өткізді. Олар XXI ғасыр дағдыларын өлшеуге арналған бірнеше дұрыс жауабы бар ашық тапсырмаларды құрастыру әдістерін талқылады. Сондай-ақ, пленарлық секцияларда оқу және жаратылыстану сауаттылығы мәселелері бойынша өзекті мәселелер көтеріліп, ғылыми талқылаулар мен воркшоптар жүргізілді.     

Аталған конференция білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелерді бөлісуге, халықаралық деңгейдегі сараптамалық пікірлерді талдауға және Қазақстандағы функционалдық сауаттылықты арттыру бағытында маңызды қадам жасауға мүмкіндік берді.