«БҮГІНГІ ТӘРТІП – ЕРТЕҢГІ ЖЕТІСТІК» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Іс-шараға Түркістан облысы прокурорының көмекшісі Дидара Әдбрасилова, Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева және «AMANAT» партиясы жанындағы Түркістан облыстық «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ төраға орынбасары Еркебұлан Мадиярұлы қатысты.
Кездесудің мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарын сақтау мен тәртіптің қоғамдағы рөлін түсіндіру. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдағы тәртіп пен заңның маңыздылығын түсіндіру. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарының жұмысы туралы ақпарат беру.
Жиын барысында Түркістан облысы прокурорының көмекшісі Дидара Әдбрасилова: «Тәртіп пен заңды білу, оған бағыну — әр азаматтың міндеті. Бұл тек құқық қорғаушылардың ғана емес, әрбір адамның жауапкершілігі»,-деді. Ол тәрбие мен заңды сақтау мәселелерін көтеріп, жастардың әрқайсысы өз тәртібін дұрыс қалыптастыруы керек екенін баса айтты.
Ал, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева отбасылық тәртіптің маңызды екенін тілге тиек етіп, қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әр жас өзін-өзі тәрбиелеуі қажет екенін айтты. «Отбасы — адам тәрбиесінің негізі. Егер отбасы дұрыс тәрбие берсе, адам қоғамда дұрыс тәртіп сақтайды»,- деп, жастарды құқықтық нормаларды сақтауға шақырды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде теріс пікірлер мен жалған ақпарат таратудың қоғамдағы қаупін, жастар бұл мәселеде жауапкершілік танытуы тиіс екенін баяндады.
Жиын барысында қатысушыларға өз құқықтары мен міндеттері туралы нақты ақпараттар берілді. Бұл шара құқық қорғау органдары мен жастар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамытуға ықпал етті.