БЕЛСЕНДІ СТУДЕНТТЕРДІҢ АТА-АНАЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Іс-шараға оқу ордамыздың даму жолында өздерінің білімдері мен белсенділіктері арқылы үлес қосып жүрген жалынды жастар мен олардың ата-аналары қатысты.
Жиында сөз бастаған Академиялық мәселелер вице-ректоры Элмира Идрисова: «Бүгін ерекше күн! Сіздерді Рамазан айы мен Алғыс айту күні мерекесімен құттықтаймын!
Кез-келген университеттің құрылуы мен өзгеруі, оның атын шығару – студенттердің қолында! Залда отырған жандар – сіздер, оқу ордамыздың жалындаған жастарының ата-анасысыздар! Сондықтан, өздеріңізге ерекше алғысымызды білдіреміз!»,-деді.
Келесі кезекте, Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Қазіргі таңда оқу ордамызда 80-ге жуық белсенді студент бар. Белсенді жастардың жүгі ауыр. Себебі, бірінші кезекте оқуы тиіс, сонымен қатар оқу орданың қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытуы керек. Дегенмен, оқуды аяқтаған жастың ісін ары қарай игеруі, белсенді болуы оңайға түседі.
Осындай белсенді жастарға тәлім-тәрбие беріп, қолдау көрсетіп келе жатқан ата-аналар, сіздерге алғыс айтамыз!»,-деді.
Жиында Студенттік президент Ахмет Серікбайдың анасы Салтанат Сапарова жүрек жарды тілегін арнады. Балаларын білім нәрімен сусындатып, белсенді болуға баулып, мол мүмкіндіктер ұсынған оқу орда басшылығына барша ата-ананың атынан ризашылығын айтты.
Сонымен қатар, белсенді студенттеріміздің бірі Аида Тулешбай университеті мен достарына, ұстаздары мен ата-аналарға алғыс білідіріп, ақ тілегін жеткізді.
Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерлі жастарымыз сахнада ән салса, белсенді білімгерлер «Алғыс» әнін қосыла шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.