СТУДЕНТТЕР ЛИГАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Бүгін оқу ордамызда дәстүрлі факультетаралық Студенттер лигасы өз мәресіне жетті.
Бұл шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, жарыс нәтижесінде университет құрамасы жасақталады.
Екі апта көлемінде өткен спорт бәсекесінде қатысушылар кіші футбол (футзал), волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, жүгіру және эстафета сынды спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың марапаттау салтанатында сөз сөйлеген университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов баршаны Алғыс айту күнімен және Рамазан айының басталуымен құттықтап, жарысқа қатысқан барлық студенттерге алғысын айтты.
Студенттер лигасының нәтижесінде І орынды – Кентау институты (Дайындық орталығы мен Инженерия факультеті) жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынға Спорт және өнер факультеті «Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының командасы ие болды, ал ІІІ орын – Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжіне бұйырды.
Сондай-ақ, ІV орын алған Филология факультетінің студенттерін ынталандыру мақсатында арнайы сый-сыяпат табысталды. Бұдан бөлек, әр командадан спорт түрлері бойынша үздік өнер көрсеткен студенттер Алғыс хаттармен марапатталды.